«Balapan» арнасының көрермендерінің көзайымына айналған 13 жасар Құтжан Бағлан қайтыс болды. Бұл туралы балалар жазушысы, әдебиет сыншысы Елдос Тоқтарбай өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды.
«АУЫР ҚАЗА...Талантты бала еді... Рамазан айында дұға етіп едік... Орны толмас өкініш... Қысқа ғұмыр... Не деген ауыр еді... Алла алдынан жарылқасын! Ата- анаңа, туғандарыңа сабыр берсін!»,-деп жазды ол.
Еске сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желідегілер Құтжан Бағланның апатқа түсіп, ауыр хәлде жатқанын жазып, халықтан дұға тілейік деген жазбалар қалдырып еді.
«Апат айтып келмейді ғой... Екі күн бұрын 13 жасар Құтжан Бағлан Ғалымбекұлы есімді балақай жол апатына түсті.
Бағлан @balapantv -дағы «Ойлан, тап!», «Біз де бал болғанбыз», «Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Дұрыс-бұрыс» бағдарламаларын жүргізген, талабы таудай таланты бала. Сондай-ақ, @qazradio.fm -да «Балдәурен» балалар бағдарламасын жүргізді.
Өзі велоспортқа да қатысады. Спорт шеберіне үміткер. Осы спорттың кезекті жаттығуы барысында спорттық велосипедпен жол жиегінде келе жатқанда, жүк көлігімен соқтығысып, өте ауыр жарақат алды. Қазір өмір мен өлім арасында, өте ауыр жағдайда (КОМА-да) жатыр.
Қадірменді ағайын, Жаратушы Алла Тағаладан баланың амандығын тілейік. Оқыған намаз, Құранымызда һәм Тарауих намазында осы баланың денсаулығын дұғаға қоссаңыздар.Қасиетті Рамазан айындағы дұға-тілектеріміз қабыл болсын!»,- деп көпшілік талантты Құтжан Бағлан үшін дұға тілеген еді.