Қарағандыда Қазыбек би аудандық прокурорының көмекшісі – әйел азамат бірнеше көліктің қатысуымен орын алған жол көлік оқиғасына байланысты жауапқа тартылады деп жазады «Интерфакс-Қазақстан».
Кеше, 10 қараша күні прокуратура қызметкері мен оның жолдасы мінген көлік жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, қарама-қарсы келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Мұнан кейін прокурор дереу көлік тізгінін өзі алып, оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Бұл жайында ЖКО болған жерде жұмыс жүргізген жол патрульдік полициясының қызметкері мәлімдеді.
Мұны көрген өзге екі куәгер жолды өз көліктерімен жаппақ болған. Алайда, прокурор әйел тежегішті баспай, екеуіне барып соқтығысыпты. Тәртіп сақшылары заң қызметкерін ұстап, оның үстінен әкімшішлік хаттама толтырды. Сондай-ақ, оның жолдасын да дәл осындай жаза күтіп тұр.
Қарағанды облыстық прокуратурасы орын алған жайтты растады. Олардың айтуынша, айыпты қызметкер тек әкімшілік жазаға емес, сонымен қатар, тәртіптік жазаға да тартылады.