18.05.2019, 05:21

8 жылға сотталған ғалым ақыры ақталып шықты

Алматыда 8 жылға сотталған ғалым ақыры ақталып шықты! Профессор өзіне кесілген жазаның 3 жылын өтеп те қойған. Ал бүгін оның нақақтан-нақақ жазаланғаны белгілі болып, істі қайта қараған судья Ғалымжан Мамытбековті сот залынан босатты, деп хабарлайды КТК.

Ақтау үкімін естіген бойда ғалымның қарындасы көз жасына ерік берді. Ал Мамытбековтың өзі арқасынан жүк түскендей болды. «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы қызметкері мемлекеттің 100 миллионнан аса теңгесін жымқырды деп 8 жылға сотталған еді. Алайда арада 3 жыл өткен соң ұрланған ақшаға қатысы болмағаны анықталып отыр. Жазықсыз түрмеге жабылған азамат ол кезде 50 жаста болған. Артында әйелі мен бала-шағасы жылап қалыпты. Ғалымның ісі биыл қайта тергеуге жіберілген. Енді ақталып шыққан азамат өзін түрмеге жөнелтуге себепші болған тергеушіні сотқа бермек. Ал сол кезде қарсы куәлік еткен жақын әріптесін профессор кешіргенін айтады.

«Сенімім болған жоқ ақталам деген. Бірақ өте қуаныштымын. Дегенменде, заң біздің мемлекетімізде бар екен, орындалады екен. ертелі ме кеш пе бәрі өз орнын тауыпты, өз арнасына үседі екен»,-деді Ғалымжан Мамытбеков.

 

 

Тегтер: ғалым