18.05.2019, 06:59

13 жасар тележүргізушінің өліміне қатысты іс тергелуде

Елорда полициясы «Balapan» телеарнасының 13 жасар жүргізушісі Бағлан Құтжанның жол-көлік оқиғасынан мерт болуына байланысты тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 мамыр күні сағат 17:30 кезінде елордадан Қосшы ауылы бағытындағы, яғни «Garden village» коттедж кенті маңында болған жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы орайда тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған велошабандоз ауруханаға жеткізілді. Ол 16 мамыр күні алған жарақытынан көз жұмды», - делінген Полиция департаментінің мәліметінде. 

Қазіргі кезде жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталып жатыр. 

Айта кетейік, осыған дейін «Balapan» телеарнасының әлеуметтік желідегі парақшасында Құтжан Бағлан Ғалымбекұлы өмірден озғаны хабарланған еді.  «Ол біздің арнадағы «Ойлан, тап!», «Біз де бала болғанбыз», «Қуыр, қуыр, қуырмаш», «Дұрыс-бұрыс» бағдарламаларын сондай-ақ, Қазақ радиосында «Балдаурен» балалар интерактивті радио ойынын жүргізген. Осы жылы наурыз айында Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің ұйымдастыруымен өткен қазақша күрестен 1 орын иеленген. Қысқа ғана ғұмырында өнерде ғана емес спортта да, білімде де биік жетістіктерге жеткен. Спорт шеберіне үміткер болған дарынды баланың өмірі жеңіс пен жетістікке толы болды. Ата-анасына, туған-туыстарына ұжымның атынан қайғырып көңіл айтамыз. «balapan» телеарнасының миллиондаған көрермендері сенің жарқын бейнеңді ешқашан ұмытпайды. Қош бол, балақай!», - деп жазды телеарна ұжымы.

 

 

Тегтер: ЖКО Тергеу