$ 494.87  520.65  4.91

Астанада Ілияс Есенберлиннің 100-жылдығы аталып өтуде

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық музейінің концерт залында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.

 

Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, қазақтың көрнекті жазушысы. Қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, «Көшпенділер», «Алтын Орда» трилогияларымен ұлт рухын тірілткен қаламгер. Жазушының қаламынан туған «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары, өз заманының өзекті тақырыбындағы «Алтын құс», «Айқас» кітаптары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетіне серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар болып табылады.

Аталған шара барысында ғылыми-практикалық конференция, кітаптар мен әдебиет көрмесі және салтанатты концерт ұйымдастырылды. Ғылыми-практикалық конференцияға І.Есенберлиннің мұрасын зерттеуші тарихшылар, Қазақстанның беделді білім ордаларының ғалымдары мен профессорлары атсалысты. Іс-шараның қадірлі қонақтары Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, жазушы, «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбев, атақты жазушының ұлы, техника ғылымдарының кандидаты Қозыкөрпеш Есенберлин, және басқалар Ілияс Есенберлиннің шығармашылығы, еңбектерінің қоғамдық жағдайға әсері мен Қазақстан тарихында алатын ерекше орны туралы ойларымен бөлісті.

Қозыкөрпеш Есенберлин әкесінің 100-жылдығын ұйымдастыруға атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдіріп, «Ильяс Есенберлин әрдайым ғылыми ізденісте болды және бізді де сол ғылымға тартты. Сондықтан жастарды білуге, оқуға шақырамын, өйткені тек шынайы білім ғана адамды ең биік белестерге жетелейді», - деп сөз соңында жастарға ақылын айтты.

Қазақ әдебиетінде Есенберлинге дейін де ұлы ақын, жазушылар болды, алайда тарихи романды және сол романның жүйесін қазақ әдебиетіне Есенберлин енгізді, - деп пікірімен бөлісті Тұрсын Жұртбай. – Оның танымал трилогиясының әр шығармасының көркемдік түйіні бар.

Конференция аяқталған соң, елімізге танымал сахна шеберлерінің қатысуымен салтанатты концерт өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары