$ 494.87  520.65  4.91

Вице-министр қызылордалық шаруаларға құрмет көрсетті

15-ші қараша Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай сырбойылық диқандар ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Құрмет Грамотасы» және «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды, деп хабарлайды  Қызылорда облысының баспасөз қызметі.

Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығының вице-министрі Сапархан Омаров пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, сала ардагерлері мен шаруашылықтардың басшылары қатысты.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, күріштің әр гектарынан 50,5 центнерден өнім жинап, 2 жыл қатарынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп жүрген күрішшілердің еңбегі елеусіз қалмаған.

Облыс әкімі Қ.Көшербаев вице-министр Сапархан Омаровқа өңірдің ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін баяндап, бірқатар мәселелерге назар аударды.

- 2016 жылдан бастап басымдыққа ие ауыл шаруашылығы өнімдеріне берілетін субсидиялар тоқтатылатынына байланысты, су мен тыңайтқышқа бөлінетін субсидия көлемін 80 пайызға жеткізу туралы ұсынысымызды қарауларыңызды сұраймын. Яғни, өтпелі кезеңде мемлекет тарапынан субсидия ала алмаса, шаруашылықтардың жағдайы қиындайтыны сөзсіз, - дейді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

- Қызылорда облысы жылда рекордтық өнімге қол жеткізіп, ел қамбасына мол өнім құйып келеді. Суарудың жаңа әдісін қолдануда да бұл аймақ басқа өңірлерге үлгі. Ал субсидиялау мәселесіне келетін болсақ, су мен тыңайтқыштарға бөлінетін субсидияны 80 пайызға жеткізу мәселесін қарайтын боламыз, - деп  атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сапархан Омаров.

Жалпы Қызылорда облысының ауыл шаруашылық саласы жыл сайын қарқынды даму үстінде. Тек егін шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығында да айтарлықтай жетістіктер бар. Ең әуелі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін айтып өту керек. Сонымен қатар, өңірдің мал шаруашылығы биыл буферлік аймақтан шықты. Яғни, аймақтың ет өнімдері экспортқа шығарылады деген сөз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары