20.05.2019, 12:00

Эстафета: Төреғали анасының табанын не үшін сүйді?

Төреғали Төреәлінің күні кеше ғана әлеуметтік желіде анасының табанын сүйіп жатқан видеосы таралған болатын. Сөйтсе, Төреғалиге бұл эстафетаны белгілі ақын, жыршы, термеші Дидар Қалиев жолдаған боп шықты. 

«Жұмақтың кілті» атты эстафетаны бастап жатырмыз! Түркия президенті Ердоғанға 12 рет қастандық жасалып, бәрінен аман қалған екен. Жауларыңыздың жауыздығынан бір емес, бірнеше рет аман қалуыңыздың сыры неде деп сұрағандарға: «Мен түнде анамның табанын сүймей ұйқыға жатпаймын» деп жауап беріпті. Шамамыз келсе анамыздың табанынан сүйіп, анамыз маңдайымыздан сүйіп батасын беріп отырса жаман болмаймыз! Осыны күнделікті әдетімізге айналдырсақ қалай қарайсыздар?», – деген ол осы эстафетаны Төреғали Төреәліге жолдағанын айтты. 

Айта кетейік, Төреғалидің анасының табанын сүйген видеосын жұрт әр түрлі қабылдап жатыр. Бірі «Ананың табанын сүю дегенді біздікілер тура физикалық мағынасында түсініп жүр. Бұл жерде ананың табанын сүю деп ананы аялау, табанын жерге тигізбей қамқор болу, анаңа барлық жағдайды жасау, қандай мінезі болса да көтере біл деген мағынада екенін ешкім қаперіне алмайды» десе, енді бірі әншінің бұл әрекетін қолдап жатыр.