04.06.2019, 23:38

Шымкент: «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық екінші кезеңіне қатысушылардың арасында Шойбек Орынбай мен Нұрболат Сермаңызовтардың отбасылары жеңімпаз деп танылды. Байқаудың шартына сәйкес, сәуір-мамыр айларында Шымкент қаласының тұрғындары арасында аудан әкімдіктерінде өтініштер қабылданған екен. Нәтижесінде 40 отбасы ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырыпты.

- Өткен жылға қарағанда, биыл байқауға көпбалалы және жас отбасылар 2 есе көп қатысып отыр. Анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткерден, барлығы 16 отбасы байқаудың екінші кезеңіне қатысты, - дейді Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев Ұлттық конкурстың екінші кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Байқау қатысушыларын іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия 42 жыл берік отбасын құрған жазушы-журналист Шойбек Орынбай мен қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаеваның өнерлі отбасын жеңімпаз деп таныпты. Бұл отбасының кенже ұлы кәсіби режиссер, актер, КТА ойындарының белді мүшесі Шапағат Орынбай бүгінде қазақ өнерінде танымалдыққа ие. Басқа перзенттері де педагогика және құқық саласында жетістікке жеткен. Ал екіншісі – алты бала тәрбилеп, ата дәстүрді дәріптеп жүрген, ауыл шаруашылығына да сүбелі еңбек сіңіріп келе жатқан Нұрболат Сермаңызовтың отбасысы.

Жеңімпаз екі отбасыға байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілді. Қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласын таныстырмақ.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен адамгершілік құндылықтарды және отбасы мен некенің жағымды бейнесін насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру мақсатында биыл алтыншы рет өткізіліп отыр.

«SN.kz»-ақпарат.