20.06.2019, 21:07

Шымкенттегі №24 мектепте медиация кабинеті ашылды

Медиация – бітімгершілік бастамасы. Екі тараптың талабын тиімді жолмен табыстыратын бастама. Шымкенттегі №24 мектепте тағы бір медиация кабинеті ашылды. Жыл басынан бері мемлекеттік және жеке медиаторлардың ықпалымен 5 мыңға тарта дау-дамай бітімгершілікпен аяқталған. Бұл жоба арызданған жұртшылық арасында ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал етеді. Медиация кабинетінің ашылу салтанатына келген Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов бұл бастаманың тиімділігіне тоқталды.

Бұл кабинеттің мектеп қабырғасында ашылуының өз себебі бар. Балаларының болашағына алаңдаған ата-аналар – қоғамның ажырамас бөлігі. Халықтың басы көп бірігетін білім ұясындағы орталық күрделі мәселелердің түйінін тарқататыны сөзсіз. 

"Медиация кабинетін ашу мектептегі оқу-тәрбие процесіне игі ықпалын тигізіп қоймай,  қоғамды өзара түсіністікте, моральдық-психологиялық ахуалды жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді" дейді Саттар Ерубаев атындағы №24 мектептің директоры Ұлжалғас Әшімқызы.

Медиация кабинетінің ашылу салтанатына әжелер қоғамы өкілдері де келді. Қариялар оң бастамаға ақжарма тілегін ақтарып, ақ баталарын берді. «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп,  азғантай кикілжіңді дауға айналдырмайтын бабалар дәстүрі кішкене кабинетте жүзеге асатын болды.

«SN.kz»-ақпарат.