25.06.2019, 17:29

Шымкенттен 10 жедел медициналық жәрдем бригадасы Арыс қаласына көмекке жіберілді

Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін 10 жедел медициналық жәрдем бригадасы Арыс қаласына көмекке жіберілді. Зардап шеккен азаматтарды қабылдау үшін қаладағы медициналық ұйымдарда қосымша 280 төсек-орын ашылды.

Қалалық алты медициналық ұйымда 110 азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, 37 азамат ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ 21 азаматқа қалалық емханадағы дәрігерлер медициналық көмек көрсеткен.

Шымкент қаласында мектептер, колледждер жанынан 15 эвакуациялық аймақ құрылды. Сағат 23:00-дегі жағдай бойынша 12 пунктке 1043 адам көшірілді. Барлық көшірілгендерді аумақтық емханалардың медицина қызметкерлері қарап шықты, зардап шеккендерге психологиялық көмек жүргізілуде.

Орталық мешітте және "Бекжан" базарында 4 жедел медициналық жәрдем бригадасы кезекшілік етеді. Сондай-ақ Арыс қаласынан келгендерге 20 фельдшер көмек көрсетуде. Шымкент стансасының темір жол вокзалында құрамында дәрігер бар медициналық пунктте тәулік бойы мейірбикелер жұмыс істеуде. Қан - 122 доза, плазма - 287 доза, криопреципитат – 221 доза, тромбоконцентрат – 91 доза дайындалды.

«SN.kz»-ақпарат.