26.06.2019, 19:35

Шымкенттегі Ассамблея мүшелері Арыстағы оқиғаға байланысты құны 15 миллион теңгеден астам көмек көрсетті

Арыс қаласында төтенше жағдай жариялана салысымен Шымкент қалалық және Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеялары жедел штаб құрып, эвакуацияланған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуді бастап кетті. Тәулік бойы жұмыс істеп жатқан штаб жұмысына өңірдегі барша Ассамблея мүшелері мен ерікті жастар жұмылдырылған.

Штаб алғашқы сәтте Арыс қаласынан халықты көшіру үшін 3 автобус, 2 жүк көлігі жөнелтіп, зардап шеккен жандарға 5 литрлік 3900 бөтелке таза су мен азық-түлік таратты. Бүгінде дейін Шымкенттегі «Қазақстан халқы Асссамблеясы» ғимаратында ашылған штабтың қабылдау бекетіне жиналған құны 15 10000 теңге болатын азық-түлік, киім-кешек пен тұрмысқа қажетті заттар эвакуациялық бекеттерге жөнелді. Қиын сәтте этномәдени бірлестіктердің мүшелері 20-дан астам отбасыны өз үйлеріне алып кетіп, қамқорлық танытты. Сонымен қатар Шымкенттегі №53, 56, 61, 122, 26 мектептерде және №1 саңырау балаларға арналған интернатта орналасқан азаматтарды күнделікті ыстық тамақпен қамту жұмыстарын жүргізуде. Ассамблея жанындағы медиаторлар мен психологтар апат аймағынан келген азаматтармен әңгіме жүргізіп, психологиялық көмектерін көрсетуде.

- Арыс қаласында орын алған апат арыстықтардың ғана қайғысы емес, бүкіл халықтың қайғысы. Қиын сәтте барша халық Арыс тұрғындарымен бірге екендіктерін көрсетіп, қолдан келген келген жәрдемін беріп жатыр. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері де күн-түн демей жұмыс істеуде. Қазір бекеттерде орналасқан азаматтардың сұранысы - киім-кешек, көрпе-төсек пен гигиеналық заттар жеткізіп жатырмыз. Осылай жұмыла жұмыс істесек, біз жеңбейтін қиындық жоқ - дейді Ассамблея мүшелері.

Штаб төрағасы Мұратәлі Қалмұратов гуманитарлық көмек көрсету шаралары жалғаса беретінін айтады. Қазір еліміздің барлық аймағынан Ассамблея мүшелері өз қолдауларын білдіріп, гуманитарлық жүк тиелген көліктерін жіберіп жатыр. Ассамблея мұнан әрі күнделікті көмекпен қатар зардап шеккен жандардың баспаналарын қалпына келтіру бағытында жұмыс істемек.

«SN.kz»-ақпарат.