2013 жылы Павлодар қаласы жаңажылдық шыршаға 38 миллион теңге жұмсамақ болған сәтте қоғам бір шулаған болатын. Әлеуметтік желілерді айтпағанда, БАҚ өкілдері де бұл жайтты жарыса жазған. Кейін Павлодар әкімдігі ақталып, ақшаның қате көрсетілгенін айтып, істі жылы жауып қойып еді. Сол уақыттан бері қоғам белсенділері әр Жаңа жыл сайын қай өңірдің қанша теңгеге шығындалатынын анықтап, жұртқа жария етіп келеді.
Мәселен, биыл Жаңа жылды атап өтуге Шымкент қалалық әкімдігі 80 миллион теңгеден астам қаражатқа шығындалмақ. Атап айтқанда, шаһар басшылары Мемлекеттік сатып алулар порталында 80 326 204 теңгеге байқау жариялаған. Бұл қаражаттың негізгі бөлігіне әкімдіктегілер 130 дана шырша сатып алуды жоспарлап отыр. Олардың ең биігі – 18 метрлік қаланың басты шыршасы болса, қалғандары 2,5-3 метрлік мерекелік атрибуттар. Сонымен қатар, бұл ақшаға жарық-диодты шамдар, түрлі кейіпкерлердің мүсіндері (Аяз ата, Қарша қыз, бұғылар, аққалалар, жылқылар), ағаштар мен фонтандар және өзге де жаңажылдық безендірулерге қажетті заттар сатып алынады.
Айта кетейік, еліміздің өзге қалалары Жаңа жылды атап өту үшін Шымкенттен қарағанда азырақ шығындалады. Мәселен, Ақтау әкімдігі 49 млн теңгені, Ақтөбе 27 млн теңгені қанағат тұтып отыр. Павлодар облысы 40 млн бөлген. Өскеменде бұл жұмыстарға небәрі 300 мың теңге бөлініпті.
Ал, Қарағанды мен Таразда жаңа жылдық безендіруге қаржы қарастырылмаған. Ондағылар былтырдан қалған шырша мен ойыншық, жарықтарды пайдаланатын болды.
ФОТО: Otyrar.kz