Өткенде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың аузынан шыққан сөз азаматтық қоғамның әжуасына айналып, ашуына тие жаздаған еді. Сондағы Мамытбековтың меңзегені елімізде ауылшаруашылық мақсатта пайдаланатын басы артық жердің қалмағаны болатын. Әсілінде, Тәуелсіздік алғашқы жылдарынан бастап-ақ жерге жекеменшік құқын заңдастырған елде бұл қалыпты жағдай саналуы тиіс еді. Өйткені, Қазақстан қазір әлемде жер көлемі жағынан ғана емес, латифундия өлшемімен алғанда да алғашқы ондыққа кіретіні анық...
Деп келгенде, Қазақстандағы жер мәселесі жайлы жауапсыз сұрақтарға толы дабыра алдағы күндері тіпті жиі айтыла келе, мемлекеттік деңгейде қозғалуы да мүмкін. Және ол кездегі сөз мемлекеттің мүддесін көздейтін мақсатта емес, ынталы топтың коммерциялық ындынын өтеуге бағытталып айтылуы кәдік... Беті аулақ, бірақ, байтақ жерімізге қарап сілекейі шұбырған шибөрілердің бөрік астынан шыға салатынын бала да біледі!
Демек, қазақ қоғамы қазірден бастап бабаларымыздың аманаты болған алып өлкеміздің қарыс сүйем жерін қастерлеуге, қорғауға дайын болуы тиіс. Ең алдымен, біз еліміз бойынша игерілмей жатқан жер алқаптары жайлы нақты ақпаратты білуге тиіспіз. Өйткені, күндердің күнінде жер игеруге сыртқы капиталды тартуға негіз болатын осы игерілмей жатқан алқаптар болатын анық. Біз өз тарапымыздан, әліміз жеткенше әрине, аймақтардағы ауылшаруашылығы мақсатында қолданылатын алқаптардың есебіне көз жүгіртіп қоймақпыз. Әзірге, Алматы облысындағы жер мәселесіне қатысты аз-кем деректерге қол жеткізгендіктен, сөзді Жетісудан бастап отырмыз.
Алматы облысында 233 775 гектар алқап игерілмей жатыр
Барлық облыстардағы сияқты, Алматы облысында да жеке адамдар мен агрокешендердің иелігінде мыңдаған гектарлардың игерілмей, қурай мен қамыс басқан жарамсыз алқаптарға айналып отырғаны алаңдатады. Бұл алқаптардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Жайылымдық, егіндік, басқа да мақсаттарға арналған жер санаттарының көп бөлігі игілікке жарамай, игерусіз жатқаны алаңдататын мәселе. Ал, суармалы егістік алқаптардың мақсатты қолданылмауы тіпті түсініксіз жағдай. Жер қатынастары басқармасының мәліметтерінше, Алматы облысының жер қоры 22 358 422 гектарды құрайды, оның 16 363 210 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер екен. Ал, оның 1 094 246 га егістік жер болса, 469 127 га алқап шабындық және 14 682 624 га жайылымдық жер санатында. Сондай-ақ, 7 065 га телім бау-бақша және қызметтік жер үлесіне тиеді. Сан білетін, салыстыра алатын адамға бұл көрсеткіш өте үлкен көлем. Әлемнің геокартасын жайып жіберсеңіз, Алматы облысының аумағына Еуропаның қанша мемлекеті сиып кететінін көрер едіңіз.
Енді, осы алып жер көлемінің игерілуіне қатысты анықталған деректер бойынша дабыл қағатындай күйге жеткенімізді таратуға тырысайық. Алматы облыстық жер қатынастары басқармасы тарапынан жасалған ревизия және түгендеу жұмыстарының нәтижесінде, аумақта 233 775 гектар ауылшаруашылығы жерлерінің игерілмей, арамшөп өскен алқапқа айналғандығы анықталған.Осы цифрды айшықтасақ, оның 18,1 мың гектары суармалы егістік, 36,6 мың гектары тәлімді егісік, 1,1 мың гектары тыңайған жерлер, 1,2 мың гектары шабындық және 176,6 мың гектары жайылымдық жерлер екен. Қазіргі күні қолға алынған қатаң шаралардың нәтижесінде, жеке адамдардың иелегінде болып келген 27 600 гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылған. 60 190 гектар жердің жеке иесі тықыр таянғанын сезіп, қарауындағы жерге қарай бастаған. Ал, 54 883 гектар жердің мүлдем иесі болмағандығы, яғни не жеке адамның, не мемлекеттің есебінде болмағаны анықталған. Мұның сыртында екі тарап арасында дау туғызып, сотқа жіберілген тағы бірнеше мыңдаған алқаптардың жайы әлі белгісіздеу болып тұрғаны тағы бар екен...
Айтпақшы, күні кеше ғана Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Жер мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ревизия жүргізіліп, 234 мың гектар пайдаланылмаған жер анықталды. Оның ішінде жартысынан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалану айналымына тартылды, яғни бұл тұрғыда 117,5 мың гектар қамтылды...» деген еді. Бұл жоғарыдағы 233 775 гектар алқаптың (Баталовтың дерегі бойынша 234 мың га) жартысы ғана игі мақсатқа қайтарылған. Бұған дейінгі істелген жұмыстың нәтижесіз болғандығын ескерсек, облысты басқарғанына 1 жылдан сәл артық уақыт болған Амандық мырза үлкен жұмыс бітірген болып тұр екен!
Жалпы, Алматы облысындағы жер мәселесінің түбегейлі әрі уақыт оздырмай шешілуі елімізде орын алуы ықтимал қауіп-қатерлерден де сақтандыруы мүмкін. Бұл алып мегаполистің айналасындағы урбанизация толқынын реттеуге және иек астындағы Қытай елінің қазақ жеріне деген сілекей шұбыртқан аңсарын кері аздыруға таптырмайтын жол шығар...
(жалғасы бар...)
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.