Бүгін Шымкенттің «Көрме» орталығында облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен жастар форумы өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев, облыстық мәслихат депутаттары мен аудан, қала әкімдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Форумда еліміздегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен жұмыссыздық мәселесін шешу, ауыл жастарын бизнеске тарту, жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды. Сонымен қатар, облыс жастарының қордаланған проблемаларын шешу жолдарының тиімді механизмдерін талқылап, оны жүзеге асыру жайы айтылды.
Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң негізінде 2020 жылға дейінгі тұжырымдама қабылданып, 5 институционалдық реформа арқылы жастар болашағы айқындалған болатын. Соның негізінде, жастарға сапалы білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен шұғылдануына жағдайлар жасалып отыр.
Облыста 800 мыңнан астам жастар болса, 76 жастар қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді. 2015 жылы «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» жобасына Оңтүстіктен 6 495 түлектер Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы жоғары, арнаулы орта оқу орындарында оқуға ынта білдірді. Нәтижесінде 2 939 жас түлек студент атанып, жұмыс күші қажет өңірлерге аттанды.
Айта өтейік, форум соңында өңіріміздегі түйіткілді мәселелер бойынша жастар тарапынан тұщымды сауалдар қойылды. Қойылған сұрақтар бойынша арнайы хаттамалық тапсырма негізделіп, шешуге нақты тапсырмалар берілді.