$ 498.34  519.72  4.85

ТЖД мамандары тұрғындары қыста абай болуға шақырды

ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде төтенше жағдай мамандары облыс тұрғындарын қыс маусымында тұрғын үйлерде өрттің орын алуын болдырмауға, газбен уланудан сақтануға шақырды.

Төтенше жағдайлардың санын азайтудың басым бағыттардың бірі – халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады. Алайда, жүргізілген үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарына қарамастан 2015 жылдың 10 айында өңірде 1119 төтенше жағдай орын алып, салдарынан 472 адам зардап шегіп, 109 адам қайтыс болыпты. ОҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Е.Бахаевтың мәліметінше, орын алған оқиғалар мен зардап шеккен адамдардың саны өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, оқыс оқиғалардан көз жұмғандардың қатары 3,8 пайызға көбейген. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың кесірінен келген шығын көлемі де былтырғымен салыстырғанда екі есеге артыпты. Атап айтсақ, 2014 жылдың 10 айындағы материалдық шығын көлемі 1128,0 млн. теңгені құраса, биылғы көрсеткіш 2244,4 млн. теңгеге жетіп, кеткен қаражат 99%-ға өсіп отыр.

Жиында сөз алған ОҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Б.Запаров есепті мерзім ішінде облыс төңірегінде 725 өрт оқиғасы тіркелсе, одан 32 адам зардап шегіп, 9 адам қайтыс болғанын хабарлады. Айтуынша, оқыс оқиғалардың басым бөлігі жеке тұрғын үйлер (490) мен көлік құралдарында (120) және сауда кәсіпорындарында (42) орын алады екен. Газбен уланудан да адам шығыны бар. Өткен он айда иісті газбен уланудың 8 оқиғасынан 16 адам зардап шегіп, 4 тұрғын қайтыс болыпты.

- Газбен улану жағдайлары көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда екі есеге дейін азайғанымен, қайғылы оқиғалардың орын алуына желдеткіш жүйелерінің бұзылуы мен газ құбырларының дұрыс жұмыс істемеуі және жергілікті бұқараның газ қазандықтарын жөндеу мен ауыстыруға арнайы мамандарды шақырмай, қаржысын үнемдеп, өздігінен жасауы себеп болуда, - деді баспасөз жиынына қатысқан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚ өндірістік филиалы бастығының бірінші орынбасары С.Исмайлов.

Жиын соңында Б.Запаров өңірдегі төтенше оқиғалардың санын азайту мақсатында департамент тарапынан жаңаша форматтағы жұмыстардың жасалып жатқанын жеткізді. Яғни, қауіпсіздікке шақыратын үндеулер мен хабарлама, кітапшалармен бірге, бүгінгі күні облыс аймағындағы халық көп жиналатын орындарда адамның бойымен бірдей өрт сөндірушінің макеттері орнатылуда. Сондай-ақ, бөлім бастығы оңтүстікқазақстандықтарды алдағы келе жатқан мерекелерге орай алынатын отшашуларды сертификаты бар арнайы дүкендерден сатып алуға шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары