$ 498.34  519.72  4.85

Құрбан айт басталды

Ораза айттан кейін 70 күн өткенде келетін Құрбан айт мерекесін көпшілік мұсылман 3 күн қатарынан тойлайды.

Бүгін күллі мұсылман үшін ұлық саналатын Құрбай айт мерекесі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ораза айттан кейін 70 күн өткенде келетін Құрбан айт мерекесін көпшілік мұсылман 3 күн қатарынан тойлайды. Биыл бұл күндер тамыз айының 11,12,13 жұлдыздарына дөп келіп отыр. 

Қазақстанның «Еңбек туралы» заңы бойынша, 2005 жылдан бері Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып келеді. Биыл ол 11 тамызға, яғни, жексенбіге түсіп тұр. 

Сондықтан қазақстандықтар Құрбан айт мерекесіне орай артық демалыс алмайды.  Мерекенің басты рәсімі – Жаратушы разылығы үшін құрбан шалу. Бұл рәсім діни наным бойынша Ибраһим пайғамбар заманынан бері келе жатыр деп есептеледі. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында Құрбан шалатын адамның нисап мөлшерінде артық дәулеті болғаны абзал екені жазылған. Яғни, күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан бөлек, 85 грамм алтынның құнына тең дәулеті бар болуы тиіс. 

«Бірақ, бұл жағдайы төмен адам құрбан шалмасын деген сөз емес. Ондай құрбандық нәпіл құрбан үкіміне жатады», - делінген басқарманың мәліметінде. 

Шариғат бойынша, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылманға өзінің тұрғылықты мекенінде құрбан шалу парыз етіледі. Құрбандыққа түйе, қой, ешкі, сиыр шалуға болады. Түйе мен сиырды 7 адам бірлесіп немесе бір адам жеке шала алады. 

«Құрбан малын ниетті адамның өзі шалса, сауабы әлдеқайда көп деп саналады. Алайда, басқа адамға өкілдік беруге де болады. Ол үшін телефон арқылы немесе хат-хабар арқылы шараны біреуге нақты уақытын айтып тапсыру қажет. Өкілдікті қабылдаған адам құрбандық шартын ниетті адамның айтуы бойынша атқарады», - дейді дін өкілдері.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#құрбан айт