$ 510.08  539.61  5.15

Тұңғыш президент есімін тұңғыш ғарышкер атындағы даңғылға берді

123 адамның басым бөлігі Тәуелсіздік көшесін өзгертейік десе, кейбірі Әл-Фараби даңғылына бірінші президент атын берейік деген ұсыныс айтқан.
фото: rudnet.kz
фото: rudnet.kz

Қостанай қаласындағы Юрий Гагарин даңғылы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына өзгеретін болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпараттық порталы.

Еске сала кетсек, Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен соң, оның орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісе сала, ел астанасын Нұр-Сұлтан деп өзгертіп, «облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге Назарбаевтың атын беру керек», – деп мәлімдеген еді. Содан кейін бірнеше қаладағы негізгі көшелер «Нұрсұлтан Назарбаев көшесі» деп атала бастады.

Осыған байланысты, Қостанай қаласы әкімі мен тұрғындарының қатысуымен де бір қоғамдық тыңдау өтті. Қала әкімі Қайрат Ахметовтің айтуынша, облыс орталығында Назарбаев даңғылының пайда болуына оның өз атына төрт рет өтініш хаттың келіп түскені себеп болған. Арнайы тапсырыс па, жоқ па, ол жағы белгісіз, әйтеуір, соңғы өтініш хатты құрамында жергілікті Автомобиль транспорты колледжінің педагогтары мен студенттері бар бастамашы топ жазған. Олар Назарбаевтың атын Гагарин даңғылына беруді қалайды-мыс. Бұл бастаманы басқа емес, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Агромаш Холдинг» кәсіпорыны, Орталық стадион басшылығы сынды салмағы бар ұжымдар қолдаған.

Осылайша, тұңғыш ғарышкер атымен аталып келген даңғылға тұңғыш президент есімін беру туралы ұсынысты қоғамдық тыңдауға келген көпшілік бірауыздан қолдаған. Енді олар қабылдаған шешім республикалық ономастикалық комиссия қарауына жөнелтілмек.

Бұған дейін қалалық мәслихат Назарбаевтың атын Қостанайдағы Абай даңғылына беру туралы ұсыныс жасаған еді. Сол сәтте әлі түпкілікті шешім қабылданбай жатып, «шаш ал десе, бас алатын» жауапты мекемелер Абай көшесіндегі тақтайшалардың кейбірін алып тастап та үлгерген. Алайда, кейіннен республикалық ономастикалық комиссия ұсынысты қайта қарау қажеттігін айтып кері қайтарған да, енді басқа қай көшені бірінші президент атымен атау керектігі нақтыланбай қалған болатын.

Одан кейін Абай атындағыдан басқа қай көшеге Назарбаевтың атын беру керектігі туралы шағын сауалнама да жасалған. Шамамен 123 адамның басым бөлігі Тәуелсіздік көшесін өзгертейік десе, кейбірі Әл-Фараби даңғылына бірінші президент атын берейік деген ұсыныс айтқан.

Бүгін қала тұрғыны Кенже Қонысбай фейсбук парақшасына өзінің Гагарин көшесінен баспана алып жатқанын жариялады.

«Өткенде Қостанайдағы Гагарин даңғылын Назарбаев деп өзгертуге шешім шықты. Мұндай мәселеде талас көп болады ғой, екеуі де осал емес енді. Бірақ, маған керегі – қазақылық. Әуелі өзімізді ұлықтамасақ, бізді ешкім мақтамайды келіп. Оның үстіне жаңадан бой көтеріп жатқан аудан, бүкіл орталық осында ауысып жатыр. Жастар сарайы, облыстық сот, жаңа мұз айдыны салынды. Сауда орталығы тағы бар. Бір қызығы, осы ауданнан үш бөлмелі пәтер бұйырды кеше. Тәңірдің жарылқауымен, әрине, еткен еңбек те өзімдікі. Енді Назарбаев даңғылының тұрғындары боламыз алдағы 3-4 айда» деп жазған ол.

Осы орайда желі қолданушысы Айнұр Сағиева «Гагаринді Назарбаевқа ойланбай-ақ ауыстырса болады. Өскеменде Тәуелсіздікті Назарбаевқа айырбастап жіберді ғой» десе, қостанайлық Әлмұрат Ахметов «Ал, керісінше, мен тұратын Гвардия көшесі Гагарин болмақшы» деп пікір қалдырған.

Айта кетсек, біз өткен аптада ғана Қостанай қаласындағы Гагарин көшесінің атауы өзгеруі мүмкін екендігін жазған болатынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары