$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақ жігіттерін жұмысқа алсын»: ашынған жәйремдіктер облыс әкімі Ерлан Қошановқа талап қойды

«Бүгінде Жәйремнің жігіттері жұмыс таппай қаңғып жүр. Бірақ Ерлан Қошанов оларға басу айтты. Әкім қазақ қызына тиіскен түрік жігіті кешірім сұрап жатыр, мұсылман ғой, кешірім беріңіздер деді».

Кеше 12 тамыз күні Жәйрем тау-кен комбинатында төбелес болып, бірнеше шетелдік қызметкер жарақат алған. Бұл мәселенің нақты себебін облыс басшылығы да, полиция да ашып айтпайды, деп хабарлайды Skifnews, «Жас Алаш» газетіне сілтеме жасап.

Қазір облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, ҚК-нің 293-бабы, 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталыпты. Бірақ нақты күдікке ілінгендердің кім екені айтылмады.

«Өзге ақпараттар Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деп хабарлама таратты Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіде жанжал түрік азаматының қазақ қызына қырындауынан басталды деген ақпараттар шыққан еді. Ал жергілікті халықтың айтуынша, басты себептің бірі – жұмыссыздық. Оқиға куәгерінің газет тілшісіне айтуынша, кенттегі өндіріс орнына көбіне шетелдік жұмысшыларды алып, жергілікті азаматтар сырт қалып жатады екен.

«Кешегі дүрбелеңнің ортасында жүрдім. Бізде Жәйремде Полиметалл зауытында салынып жатқан өндіріс зонасы бар. Дау содан шыққан. Бұрын «Үш қатын» деген рудник болған. Соған сырттан біреулер келіп, оны жауып, ондағы құрылғыларды, жұмысшыларды кен байыту комбинатына қосып жіберді. Сосын биыл бағалы металлдар өндіру мақсатында полиметалл зауытын ашуды қолға алған. «Үш қатын» руднигінде болған мың жарым адамды қысқартып, аздаған бөлігін ғана кен байыту комбинатына жұмысқа алды. Кен байыту фабрикасында әйелдер мүлдем жұмыс жасай алмайды. Жағдай жоқ. Мұндағы бір жұмысшыға бір ауысымда төрт-бес адамның жұмысын жүктейді. Менің күйеуім сол фабрикада жұмыс жасайды. Ол сонда насос қондырғысын орнату машинисті болып жүр. Үйге құлап-сүрініп келеді. Жәйремнің жігіттерін жұмыстан шығарған пром зонада әйелдер істейтін жұмыс тағы жоқ. Енді осы пром зонаға, яғни өндіріс зонасына түріктерді алды. Әзірбайжан, Қырғызстан, қысқасы, жан-жақтан келген азаматтарды жұмысқа алып жатыр. Жаңадан салынып жатқан Полиметалл зауытындағы пром зонаға 150 мың теңге деп әйелдерді жұмысқа алған екен. Жаңа сұрап білсем, оларға 65 мың теңге ғана төлеп отыр. Кеше басқа ұлттың бірі қазақтың қызына тиіскен деген сыбыс шығып, қазақ жігіттері сол жерге барып, төбелес шығарыпты. Кеше облыс басшысы келді. Халық Ерлан Қошановтан бірінші кезекте митингіге шыққан жұртты қудаламасын, қазақ жігіттерін жұмысқа алсын, түріктің компаниясы кетсін деп талап қойды. Бүгінде Жәйремнің жігіттері жұмыс таппай қаңғып жүр. Бірақ Ерлан Қошанов оларға басу айтты. Әкім қазақ қызына тиіскен түрік жігіті кешірім сұрап жатыр, мұсылман ғой, кешірім беріңіздер деді», - дейді Жәйрем тұрғыны Рауа Оразалина.

Сондай-ақ, 10 мың халқы бар Жәйрем кенті Қаражал кентіне қосылған екен. Тұрғындар қандайда бір анықтама алу үшін 1500 теңгеге такси жалдайтындарын айтады. Экологиялық ахуалы да нашар елді мекенде әлеуметтік мәселелер көп дейді тұрғындар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары