$ 444.4 € 488.97 ₽ 5.39

Атырауда бір жастағы сәби қызылшадан көз жұмды

Дәрігер Жұлдыз Қоспанова әлеуметтік желідегі парақшасында қайғылы жағдай 16 қарашада болғанын жазды. 

Фото: kaz.orda.kz
Фото: kaz.orda.kz

Атырау облысында қызылша жұқтырған бір жастағы бала қайтыс болды. Дәрігердің айтуынша, сәбидің ата-анасы туа біткен жүрек ақауына байланысты оған вакцина салдырудан бас тартқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Дәрігер Жұлдыз Қоспанова әлеуметтік желідегі парақшасында қайғылы жағдай 16 қарашада болғанын жазды.

"Сағат үште Атырау облысында бір жастағы бала қызылша инфекциясынан көз жұмды. Ата-анасы баласына туа біткен жүрек ақауы, қарыншааралық перде ақауы диагнозы қойылғандықтан екпе салдырудан бас тартқан. Кардиохирург баланы вакцинациялауға тыйым салған", – деп жазған дәрігер.

Маманның сөзінше, бала туа біткен жүрек ақауы мен қарыншааралық перде ақауына байланысты вакцина алмаған. Бұған дейін дәрігер сәбидің қызылша жұқтырып, ауруханаға түскенін хабарлап, оның сауығып кетуіне үміт білдірген еді.

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың қайтыс болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, 14 қарашада сәби Жылыой ауданынан санитарлық авиация арқылы облыстық инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Оған дейін бала аудандық ауруханада ем қабылдаған.

"Бала ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті. Негізгі ауруының асқынуынан екі өкпесі қабынып, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыды. Дәрігерлер оған қарқынды ем жүргізгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, денсаулық сақтау басқармасы ресми хабарламасында сәбидің өліміне қызылша себеп болғанын нақты көрсетпеген. Сондай-ақ ведомство дәрігер айтқан ата-ананың вакцинациядан бас тартуы туралы мәліметке де түсініктеме бермеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0