$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандылық депутат күзетшісін сабап, көлігінің терезесін де шағып тастаған

Зәбір көрген күзетші таң атқанша бір қабат киіммен далада тұрған. Ұялы телефоны іште қалғандықтан, жақындарына хабарласа алмапты.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Досжанов Бақтияр Қамзин есімді азаматқа қол көтерді деген шағым түсті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы, «Жас Алаш» газетіне сілтеме жасап.

26 жастағы жігіт қалалық маслихат депутаты әрі «Строй март» сауда үйінің бас директоры Бейбіт Досжановтың зәулім үйінің аймағын күзетеді екен. Күзетші түнде өзін жайсыз сезінгендіктен, ұйықтап қалыпты. Ол түн ортасында өзіне тиген соққыдан оянғанын айтады.

«Мен қатты айқайдан және басымнан тиген соққыдан шошып ояндым. Депутат маған «жұмыс уақытында ұйықтап жатырсың» деп кіжінді. Мен еңбек режимін бұзғаным үшін кешірім сұрадым. Әрі аумақты толық қамтып тұратын бейне бақылау камерасының тұрғанын, айтарлықтай ештеңенің болмағанын түсіндірдім. Ол мені түсінгісі келмей, ұра берді. Маған жұмыс беріп отырған адам әрі үлкен кісі болғандықтан, оған қарсы келе алмадым. Депутат мені бірнеше рет ұрып, үйдің қақпасынан әрі шығарып жіберіп, есікті жауып алды», –деп мәлімдейді күзетші Бақтияр Қамзин.

Қалалық маслихат депутатынан зәбір көрген күзетші таң атқанша бір қабат киіммен далада тұрған. Ұялы телефоны іште қалғандықтан, жақындарына хабарласа алмапты. Таңертең ауысымға келген екінші күзетшімен үй аумағына кіргенде, қақпа ішінде қалып қойған көлігінің артқы терезесінің сынғанын аңғарған. Сондай-ақ көліктің басқа тұсында майысқан жерлер де болыпты.

Күзетшінің әкесінің айтуынша, қалалық маслихат депутаты әлі өзінің бұл қылығына кешірім сұрамаған.

«Егер күзетші жұмыста ұйықтап қалса, таяқтың астына алудан басқа жаза бар ғой. Тіпті болмаса, жұмыстан шығарып жіберсін. Менің баламды ұруға және оның жеке мүлкін құртуға депутаттың құқы жоқ», – дейді күзетшінің әкесі Төлеген Қамзин.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталмыш фактіге қатысты өздеріне шағымның түскенін мәлімдеді.

«Күзетшінің 54 жастағы әкесі баласын біреулердің соққыға жыққанын айтып арыз жазды. Бүгінде бұл фактіге қатысты тиісті сараптама тағайындалды. Тексеріс жұмыстарына сай процессуалдық шешім қабылданатын болады», –деп мәлімдеді Полиция департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Құдияров.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары