Нұра өзені 250 метр аудан және 4 тонна қоқыстан тазарды. Бұл жайында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бүгін бүкіл ел аумағында «Аулардан таза су айдындары» акциясы өтіп жатыр. Қазақстан бойынша 79 су айдынын тазалауға мыңдаған адам қатысты. Акцияның елордалық қатысушылары Нұра өзенінде 250 метр заңсыз құрылған синтетикалық ауды жинап алып, 4 тонна қоқыс шығарды», - деп жазды ол.
Бұл - Нұра өзенін бір сәт жағалап жүргендегі нәтиже ғана. Оның өзінде, тек елорда төңірегі тазартылған. Ал бұған дейін Қазақстан өзендерінің қараусыз жатқанын кәсіби балықшылар талай мәрте шырылдап айтты. Әлеуметтік желілерді ашып қалсаң, солардың жанайқайы...
Ескерте кетсек, елімізде өзен-көлдерге ау құруға қатаң тыйым салынған. Ол браконьерлікке жатады. Сондай-ақ, су жағасында балық аулап, демалушылар тамақ қалдықтарын жинап, өздерімен бірге алып кетуі тиіс. Әйтпесе, қоршаған ортаға тигізген зияны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуіне тура келеді.