Журналист Мұхтар Түменбайдың пікірінше, «елдің абыройын арттырып, рухымызды оятады, руханиятымыздың кәусар бұлағын ашады» деп үміттенген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қадірі кеткен.
Мәселен, қоғамдық ортадағы кемшіліктерге қырағы көзімен қарайтын журналист осынау олқылыққа байланысты жеке азаматтық пікірін facebook парақшасында жариялады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Астанада не көп, құрылыс көп. Солардың бәрі дерлік осы тәрізді баннерлермен қоршалған. Менің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты комитетке бір сауалым бар.Сендер шынымен де боқ пен қоқысқа толы, апан-топан, шаң-тозаң болып жатқан құрылыс объектілерінің шарбақтарын осылай безендірсек, ел-жұрттың санасы жаңғырып, көкірегі оянады деп есептейсіңдер ме? Әлде, бөлінген қаржыны қайда жұмсарларыңды білмей, қор болып жүрсіңдер ме? Тым жақсы идеяның берекесін кетірдіңдер-ау аяғында», - деп жазды әріптесіміз.
Оның сөзінше, қазіргі таңда аялдама, одан қала берді, құрылыс нысандары мен түрлі көшелердің «жыртық-тесіктерін» білдіртпей жауып тұру үшін «Рухани жаңғыру» идеясының белгісі бар баннерлерді жапсыру «сәнге» айналған.
Қоғамдық түйткілді қалт жібермейтін қалам иесінің ойы «қонақ келгенде үйдегі бұрыш-қуыстың кем-кетігін сыйлы кісілерге көрсетпеу мақсатында әдемі кілемді іліп немесе төсеп қойып жабатын» дегенге саяды.
Айтпақшы, желі белсендісінің бұл пікіріне оқырмандар да бей-жай қарамады.
Мысалы, Almagul İsina атты кісі «100 жаңа есімде» де осыған ұқсас жағдай десе, Ербол Сулейменов есімді желі қолданушы: «Аға, дөп түстіңіз! Мен өзім талай обьектіні салдым. Талай қарсылық білдірдім. Обьектінің сыртына осылай жазып қойғанмен бірдеңе өзгере ме деп талай сұрадым. Рәсуа жай ғана. Обал өзі», - деп отыр.
Мән беріп оқысақ, Мұхтар Түменбай жауапты кісілерге осы олқылыққа байланысты көптің көкейінде жүрген нақты жанайқайды жеткізген. Тек оны «естіген құлақ есебін берсе болғаны».