03.11.2019, 20:16

Полицияны енді «WhatApp» арқылы шақырта аласыз

Фото: tengrinews.kz
Петропавлдық тәртіп сақшылары «Тұрғындар белсенділігі – құқықтық тәртіпті сақтаудағы маңызды фактор. Сондықтан, полиция халықпен қарым-қатынас жасаудың  барлық түрлерін пайдалануға тырысады», деп санайды.

WhatApp +7-708-432-46-00. Бұл - Петропавл қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция майоры Әлібек Ғабдуллиннің нөмірі. Осы нөмірмен тұрғындар қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жайлы жедел хабарлай алады, деп жазады «Egemen Qazaqstan» басылымы

Петропавлдық тәртіп сақшылары «Тұрғындар белсенділігі – құқықтық тәртіпті сақтаудағы маңызды фактор. Сондықтан, полиция халықпен қарым-қатынас жасаудың  барлық түрлерін пайдалануға тырысады», деп санайды.

Германияда неге тәртіп қатты сақталады десек, оған барлық халық араласып отырады екен. Егер бір жүргізуші жол тәртібін бұзса, оны көрген тұрғын дереу полицияға хабарлайтын көрінеді. Сондықтан халық жаппай тәртіп сақтауға жұмылдырылған. Қызылжарлықтар да сол әдісті дұрыс көріп отыр.

Солтүстік Қазақстан облысында қыркүйектің 15-нен бері «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шаралары (ЖПШ) өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты осы - халықпен байланысты нығайту. «ЖПІШ-ның екі аптасында біздің қызметкерлеріміз қаладағы 80 мыңға жуық пәтер мен 14 астам жеке үйлердің жартысын дерлік аралап шықты», - дейді Петропавл жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Әлібек Ғабдуллин.  «Біздің міндетіміз - әр үйде болу. Қаламыздың кез келген тұрғыны, өзін алаңдатқан мәселесімен жүгінуі үшін, өз учаскелік полиция инспекторын, оның байланыс телефонын білуі тиіс. Подъездерге инспекторлардың суреті мен байланыс телефондары көрсетілген парақшалар жапсырылуда. Сондай-ақ белгілі әлеуметтік желілердегі Полиция департаментінің аккаунттарына да учаскелік полиция инспекторлары жайлы ақпарат салуды жоспарлап отырмыз». Өзінің жеке ватсабын да жариялау осы істің бір парасы екендігі де айтылды.

Айта кететін болсақ, «Учаске» ЖПІШ аясында қосымша есептегі тұлғаларды тексеру, рейдтік іс-шаралар өткізу жүзеге асырылуда. Екі рейд барысында 38 саяжай қоғамы тексеріліп, тұрақты мекенжайы жоқ 302 кезбе ұсталған. Шатырларды, жертөлелерді, қоқыс орындарын, жылу құбырлары бойын тексеру барысында осындай тағы 136 жан ұсталып, қабылдау-тарату орнына жеткізіліпті. Сондай-ақ 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның басым бөлігі спирттік ішімдіктен мас болып жүру немесе қоғамдық орындарда масаң күйде болу фактісіне тиесілі. Сондай-ақ алкогольдік өнімдерді сату ережесінің бірқатар бұзушылықтары анықталып, ірі көлемде спирттік өнімдер алынды. Мәселен, қаладағы базарлардың бірінен заңсыз айналымнан 192 литр алкоголь, 1 мың литрдан астам сыра алынды.

«Учаске» ЖПІШ операциясы 10 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.