10 жылға бас бостандығынан айрылған Қазақстанның экс-премьері Серік Ахметовтың адвокаттары оны ақтап алу мақсатында апелляциялық шағым түсірді. Бұл жайында Ахметовтың қорғаушыларының бірі Николай Лесник мәлімдеді.
«Біздің көзқарасымыз, ұстанымымыз өзгерген жоқ. Біз сот шешіміне толықтай қарсымыз және Ахметовты ақтауын талап етеміз» деді Н.Лесник.
Аппеляциялық шағымды түсіруге айыптының адвокаттарына небәрі 1 ғана апта берілгендігін атап өту керек.
«Сот үкімін біздің қолымызға кешіктіріп, 21 желтоқсанда берді. Тиісінше, бізде кері шағым түсіруге небәрі 1 апта уақыт болды» дейді адвокат.
Ал, аппеляциялық алқаның отырысы қашан өтетіні әзрге белгісіз.
Естеріңізге салайық, 11 желтоқсан күні Қарағанды облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі арнайыландырылған ауданаралық соты экс-премьер Серік Ахметовты 10 жылға бас бостандығынан айырып, барлық мүлкін тәркілеп, 5 жылға дейін мемлекеттік қызметке араласуына тыйым салып, үкім шығарған болатын. Оған қызметін асыра пайдаланып, мемлекеттің қаражатын талан-таражға салды, кәсіпкерлікпен заңсыз аналысты деген айыптар тағылған еді.