29.12.2015, 03:38

Зағиптарға бөлінген 1 млрд теңгені қалтасына басқан ұйым төрағасы сотталды

Күллі елді шулатқан жанары сөнген жандардың жанжалына соңғы нүкте қойылды. Бүгін Астанада ірі көлемде ақша жеді деп айыпталған «Қазақ зағиптар» қоғамының басшысы 7 жылға сотталды деп жазады KTK. Байболат Әубәкіровтің қолына кісен тура сот залында салынды.

Судья оның денсаулығына, көзінің көрмейтініне қараған жоқ. Қазақстанда зағиптарға арналған арнайы түрме жоқ болғандықтан, енді Әубәкіров жазасын жалпы режидегі колонияда өтейді. Үкімге сай, экс-төраға 5 жылға дейін лауазымды қызметтер атқаруға да қақы жоқ. Сонымен қатар, «Қазақ зағиптар» қоғамының басшысына тиесілі пәтер мен бірқатар жылжымайтын мүліктері тәркіленіп отыр. Айта кетсек, қарамағындағылармен талай соттасқан Байболат Әубәкіров бірлестікке тиесілі мүлікті заңсыз сатып, 1 миллиард теңгені қалтасына басты деп айыпталған. Сот үкімімен бүгін кінәлі деп танылған ол енді осы соманы жәбірленушілерге қайтарып беруі тиіс.

Егінбай Ағзамов, «Қазақ зағиптар қоғамы» бірлестігінің мүшесі:

-Бүгін сот болды. Құдайға шүкір біздің тілегіміз орындалды. Бұның орнына жақсы бір президент келсе, сосын мекеме әрмен қарай жылжиды деп ойлаймын.