Оңтүстік Қазақстан облысында өте сирек кездесетін ақбөкен мен Қызыл кітапқа енгізілген қарақұйрықты атып алған браконьерлер ұсталды деп жазады 24kz.
«Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары қаскөйлерді жаңа жылдың алғашқы күндері қолға түсірген. Жол талғамайтын көліктерге мінген олар бетпақ дала төсінен дала сұлуы ақбөкенді атып алыпты. Оңай олжаға кенелмек болғандардың жолын инспекторлар кескен. Олардың УАЗ көлігінің жүк салғышынан Урал мотоцикілі де шыққан. Тәркіленген үш суық қарудың біреуі құжатсыз екен. Инспекторлар мұнан бөлек Арыс-Қарақтау қорығынан ИЖ мотоцикліне мінгескен екі бірдей аңшыны ұстады. Сегіз сағат қашып жүріп, сексеуіл томарына соғысып құлаған қаскөйлердің Қызыл кітапқа енген жайранды жайратып салғаны анықталды. Онсыз да табиғи өсімі азайып бара жатқан аңдарды атып алған сұғанақтар енді заң алдында жауап бермек.
Бексұлтан Бекболсынұлы, «Охотзоопром» РМҚК Оңтүстік аумақтық филиалының қызыл кітапқа енген аңдарға қарайтын инспекторы:
- Ол жерде біз желтоқсанның 31-інде түнде барып, бетпақ далада Жаңа жылды қарсы алып, таңертен ізге түстік. 1 қаңтарда Қызыл кітап инспекторлары жүретіні олардың ойында болған жоқ.
Пазылбек Байбосынов, «Охотзоопром» РМҚК «Арыс-Қарақтау» қорығының аға инспекторы:
- Адамдар құтылу үшін «Біреуі бөрі атып жатқанымызда тиіп кетті сол жаққа» дейді. Бірақ бәрі заңсыз келеді.