$ 494.87  520.65  4.91

Қазыны жылқының жыныс мүшесі деген британдық қырғыздардың өзін айыптады

Қазыны жылқының жыныс мүшесіне теңеген британ азаматы Майкл Макфит Sunday Post басылымына сұхбат беріп, Қырғызстанда орын алған жайттың мән-жайын айтып берді. Естеріңізде болса, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қаракөлдегі Құмтөр кенішінде жұмыс істейтін Макфит өзінің Фэйсбуктегі парақшасына қазының суретін жүктеп, астына "жылқының жыныс мүшесі" деген жазба қалдырған болатын. Бұл жайттан кейін қырғыз жұмысшылары кәсіпорынның жұмысын тоқтатып тастап, шетел азаматын заң аясында жауапқа тартуды құқық қорғау органдарынан талап еткен. Дегенмен, Макфит ешқандай жаза көрмей, Ұлыбританияға көшірілді.

Оның айтуынша, қазыны қырғыздардың өздері шетел азаматтарына жылқының жыныс мүшесі деп таныстырады екен. Салдарынан, Макфит секілді қаншама шетелдік осынау ұлттық тағамды әлі күнге дейін солай есептейді.

«Кеніштегі асхана екіге бөлінеді: шетелдік және қырғыз дәмдері болып. Мен Құмтөрге 2015 жылдың наурыз айында алғаш рет келдім. Қазыны да сол кезде алғаш рет көргенмін, жанымдағы қырғыздар оны маған "жылқының мүшесі" деп таныстырды. Мен секілді қаншама шетелдік сол жерде болған, бәрі сол айтқанға сенді» дейді Макфит.

Ол сондай-ақ, қырғыздардың қолынан әрең құтылып шыққанын да айтты.

«31 желтоқсанның түні тыныш өтті. Алайда, ертесіне таңертең мені жұмыстан шақыртып, Фэйсбуктегі жазбама байланысты жұмысшылардың көтеріліс ұйымдастырғанын айтты. Жүздеген адамның қоршауынан шыға алмасымызды біліп, мені жедел-жәрдем көлігімен сыртқа алып шықты. Мұнан кейін компанияның күзет қызметінде істейтін екі жігіттің қасына қосып, Бішкекке жіберді. Жолда екі көлік бізді қуып жетіп, қысып тоқтатқан. Ішінен 5-6 адам түсті, қолдарында қарулары болды. Өлген жерім осы шығар деп, бұғып тығыла бердім. Сол сәтте тізгінде отырған жігіт қоршауды бұзып шығып, Бішкекке дейін тоқтаусыз айдап келді. Қалада да соңызымға түскендер аз болған жоқ" дейді ол.

Әуежайға келгенде Макфитті құқық қорғаушылар ұстап алып, ұлтараздығын қоздырдың деген айып тағып, Қаракөлге қайта алып кеткен. Дегенмен, шетелдікті қырғыз полицейлері ұзақ ұстаған жоқ. Оған тек заңсыз Қырғызстанға кірді деген айып тағылып, елден депортацияланды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары