$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанда ақылы жол қымбаттады

Қазақстандағы алғашқы ақылы автобан – «Астана-Бурабай» жолымен жүретін кей көліктердің төлемі артты. Енді салмағы 15 тоннадан асатын жүк көліктері бұрынғыдан 1 мың теңге артық төлейді, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.

Ауыр жүк көлігін жүргізіп, «Астана-Бурабай» жолымен аптасына екі рет Көкшетауға қатынайтын қарағандылық Бейсен Әйткеновтің бұл қымбаттауға көңілі толмайды. 

— Не үшін жүру ақысын қымбаттатқанын ешкім айтқан жоқ. Ең басында 3 мың теңгедей болған. Одан кейін 4 мың 200 теңге болды. Қазір енді 5 мың 200 теңгеге қымбаттады. Біресе салық алады, біресе жолға ақша алады, — дейді наразы жүргізуші.

«Астана-Бурабай» автобанына жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары жолды пайдалану құны үкіметтің 2013 жылғы 30 сәуірде қабылданған 423-қаулысына қатысты екенін айтады.

Қаулыда «2014 жылдың 1 шілдесінен бастап жүк көліктері үшін төлейтін баға қымбаттайды» деп жазылған.

— Осы айдың басынан салмағы 15 тоннадан асатын көліктер 5 мың 200 теңгеден төлейтін болды. Себебі алғашында ақылы жолды күтіп баптау және терминал жұмысы үшін осындай қаражат болу керек деп есептеліп қойылған», — дейді «ҚазАвтоЖолдың» төлемақы жинау бөлімінің басшысы Жандос Жүнісов Азаттық тілшісіне.

Бірақ «ҚазАвтоЖол» мекемесі жеңіл көліктер ақысы да, автобан бойындағы бес ауданда тіркелген жеңіл көліктер үшін қарастырылған арнайы жеңілдік те (1 мың теңгеге жылдық абонемент сатып алады) сол қалпында қалғанын айтады.

200 шақырымдық ақылы автобанда жүретін әр көлік салмағы мен көлеміне қарай ақша төлейді.

Жеңіл көліктер жүрген жолына қарай 200 теңгеге дейін, ал салмағы 2,5 тоннадан артық жүк көліктер ауырлығына қарай жиыны 1 мыңнан 4 мың теңгеге дейін төлем жасайды.

Көліктердің сол сәтте артқан жүгі емес, олардың жалпы қанша тоннаға дейін жүк тиеп жүре алатыны ескеріледі.

Ал Қазақстанда тіркелмеген автокөліктер басқа тариф бойынша жол ақысын төлейтін болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары