Жамбыл облысы Ақкөл ауылына кіреберіс жердегі жол бойында жаңа туған сәбидің мәйіті табылды деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство өкілдері хабарлағандай, нәрестенің өлі денесі 13 қаңтар күні таңертең Бостандық-Ақкөл тас жолының бойынан табылған. Шұғыл іздестіру жұмыстары барысында баланың анасы табылды. "Қазіргі таңда жас ана ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның анасы қамауға алынды. Тергеу амалдары жүруде" делінген ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Белгілі болғандай, босанған ананың жасы небәрі 16-да. Тергеу аяқталғанға дейін тәртіп сақшылары әзірге ақпарат бере алмайтындығын айтып отыр.
Естеріңізге салайық, 3 қаңтар күні осы Жамбыл облысында 21 жастағы жас келіншек жаңа туған сәбиін көше бойындағы қоғамдық дәретханаға тастап кеткен болатын. Абырой болғанда, сәби аман қалып, қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында.