21.07.2014, 04:50

Астаналық «Қамқор» базары бұзылады

Сурет: astana.gov.kz

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рашид Аманжоловтың айтуынша, биыл Сейфуллин көшесінен Тілендиев даңғылына дейін 4 жолақты жол салу көзделген. Осыған байланысты, «Қамқор» базары бұзылады, деп хабарлайды astana.kz.

Сонымен қатар, осы учаскеде орналасқан гараждар да алынады. Қазіргі уақытта 500-ге жуық гараж бұзылса, 1 қыркүйекке дейін бұл көрсеткіш 100 бірлікке артады. Бұдан әрі осы учаскеде автомобиль жолайырығы салынатын болады, 8 жолақты қозғалыс ұйымдастырылады.

Келесі көше Алматы көшесі. Аталған нысан мемлекеттік бағдарлама бойынша салынады. 2-ші Алматы көшесін Тілендиев көшесімен қосып, Бейсекова көшесіне шығару жоспарланған. Бұл жұмыстар екі жылдың ішінде жүзеге асырылмақ.

«Қазіргі уақытта Жангильдин көшесінде, Мәскеу, Есенберлин, Бейбітшілік көшелерінде, Республика даңғылында жол жөндеу жұмыстары аяқталды. Әуезов көшесінде барлық инженерлік желілер тартылды. 1 қыркүйекке дейін Достық көшесінен Абай көшесіне дейінгі жол бөлігіндегі жұмыстар толық аяқталады. «Бүкір» көпірде, Уәлиханов көшесінде, Жұбанов көшесінде кепілді жөндеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Тархан көшесі мен Иманов көшелерінің қиылысында көлік ағынын азайту жұмыстары жоспарланған», делінген хабарламада.

― Гастелло көшесін қалпына келтіру жобасы бар, бірақ әзірге қаржыландыру жоқ. Бұл көшені жөндеу келер жылы қолға алынбақ, ― деді Рашид Аманжолов.