Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында болып, онда әуе апатынан зардап шегіп, ем алып жатқан тоғыз баланың жағдайын біліп қайтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ оңтүстік астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала басшысы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларға тез сауығып кетулерін тілеп, мемлекет басшысының жаңажылдық сыйлықтарын табыс етті.
Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының бас дәрігері Абай Құсайыновтың айтуынша, алты бала қарқынды терапия реанимация бөлімінде, үшеуі травматология бөлімшесінде жатыр.
Науқастар орташа ауырлық жағдайда. Екеуіне жоғары технологиялық заманауи емдеу әдістерін қолдану арқылы ота жасалды.
Дәрігердің сөзіне қарағанда, бүгінгі күні отадан шыққандардың жағдайында оң динамика бар, ауырлығы орта дәрежеде.
Қазіргі уақытта қарқынды терапия бөлімшесіндегі барлық балалар қажетті медициналық көмек алатын бейінді бөлімдерге ауыстырылды.
Сондай-ақ бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ұшақ апатынан қаза тапқандардың үйлеріне барып, отбасыларына көңіл айтты.