27.01.2016, 04:42

Ақтөбелік оқушы отбасын асырау үшін ұялы телефон ұрлаумен айналысқан

Ақтөбеде жоғарғы сынып оқушысы үйіне азық-түлік алу үшін ұялы телефон ұрлауды кәсіп еткен деп жазады "Диапазон" порталы. Бұл жайында облыс орталығында өткен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.

Күдікті оқушыны полицейлер бірнеше рет ұстап, ата-анасына тапсырған екен. Алайда, ішкілікке салынған ерлі-зайыптыларды баланың тағдыры алаңдата қоймаған. Тәртіп сақшылары оқушыны түнгі 23:00-ден кейін де бірнеше рет көшеде жүрген жерінен байқап, ақыры балаларға арналған түзеу мекемесіне жіберуді ұйғарыпты. 

Дегенмен, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшелері жасөспірімге тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Оған себеп - оқушының мектептегі үлгерімі. Сыныптастары мен мұғалімдерінің айтуынша, күдікті өте ақкөңіл, ізденімпаз және белсенді көрінеді. Мектептегі қоғамдық шараларға араласып, ішінара ақындық өнерімен де көзге түскен. Ал, бос уақытында ұялы телефондарды жөндеумен айналысады екен. Өзінің айтуынша, ұрлыққа амалсыздан барған, үйде жейтін тамақ болмағандықтан ұрлаған телефондарын сатып, ақшасына азық-түлік алып отырыпты.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары жасөспірімнің ата-анасын есепке алып, олардың жұмысқа тұруын қадағалайтын болады. Егер олар бұдан кейін де ішкілікке салынып, баласының тәрбиесіне араласпайтын болса, ата-ана құқығынан айрылады.