Жыл басынан бері Қазақстанда кәмелетке толмаған 98 бала өз-өзіне қол жұмсап, ажал құшты, деп хабарлайды «Қазақпарат» ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасай отырып.
«Биылғы жылдың 6 айында кәмелетке толмағандар арасында суицид оқиғалары төмендеді (2013 жылдың 6 айында 131 оқиға). Ағымдағы жылы бұндай 98 оқиға тіркелді. Сонымен қатар суицид жасауға талпынғандар саны азайды, яғни өз-өзіне қол жұмсауға әрекет етудің 255 жағдайы анықталды (319)», делінген хабарламада.
Осы орайда Бас прокуратура балалар арасында суицидтің алдын алу шаралары аясында олардың отбасыларындағы психологиялық ахуалды назардан тыс қалдырмау керектігін алға тартуда.
«Ата-ана тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуі, оның ішінде қиындыққа тап болған балаға назар аударылмаудың салдары, кейбір кездерде кәмелетке толмағандарда суицидтік мінез-құлықтың пайда болуына себеп болып жатады. Осы орайда бірінші кезекте өкілетті органдардың назары ата-аналардың баламен өзара қарым-қатынасын дұрыс құрудағы сауаттылығын арттыру мәселесіне аударылады», — дейді ведомстводағылар.
Белгілі болғандай, кәмелетке толмағандар арасында суицидтік қадамдардың алдын алу үшін мемлекеттік органдар арнайы шараларды даярлап шығарды. 2012 жылдың сәуірінде 2012-2013 жылдарға арналған суицидттерді ескерту бойынша ведомствоаралық іс-қимыл жоспары қабылданды.