ОҚО Түлкібас ауданындағы Агробизнес және саяхат колледжінің басшылық құрамы жұмыстан кетті деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Естеріңізге салайық, өткен аптада аталған оқу ордасының мұғалімі сабақ үстінде оқушылармен сессия бағасын саудалап, бұл сәтті студенттердің бірі камераға жазып, Интернет арқылы жариялаған болатын. Математика пәнінің мұғалімі Нұржамал Жанбосынова бұдан кейін дереу қызметінен босатылды. Колледжді тексеруге келген ОҚО Білім басқармасының мамандары басшылық құрамдағы бірнеше қызметкерді де жұмыстан шығарып отыр.
"Комиссия жұмысының қорытындысына сәйкес, директордың міндетін атқарушы Бақыт Дәулетов, бөлім меңгерушілері Ж.Қилыбаева және Т.Бектұров қызметтерінен босатылды. Сонымен қатар, өзге бөлім меңгерушілері К.Сейітжаппарова мен З.Оразбаеваға ҚР еңбек кодексінің 64-бабына сәйкес қатаң сөгіс жарияланды" делінген ҚР БҒМ таратқан хабарламада.
Аталған видеоролик интернетте жарияланысымен қазақстандықтардың кең талқысына түсті. Интернет пайдаланушылардың көпшілігі "бұл тек бір колледждегі жағдай емес, еліміздегі білім беру жүйесінің көрінісі" десе, өзгелері кереғар пікірде. Ал, 51 жастағы Нұржамал Жанбосынова өзінің 27 жылдан бері ұстаздықпен айналысып келе жатқандығын және бірде-бір рет басшылықтан ескерту алмаған білікті маман екенін айтып ақталуда. Мұндай жағдайға сабаққа мүлдем келмейтін оқушы қыздардың өздері мәжбүрледі дейді ол.