15.02.2016, 07:17

Бүгін Мұрат Тәнкеевке сот үкімі шығады

Бүгін Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты атышулы Мұрат Тәнкеев ісіне нүкте қояды. Төрт бірдей адамның өліміне себепкер болған күдіктіні прокурорлар 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Естеріңізге салайық, аталған жол көлік оқиғасы өткен жылдың 22 қарашасында түнде орын алған еді. Шымкенттегі Байтұрсынов көшесімен жүйіткіп келген Lexus LX-570 көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Ауди-80 көлігімен соқтығысқан. Аудиде болған төрт адамның барлығы да көз жұмды. Олар бір үйдің отағасы мен оның ұлы және екі немересі еді. 

Кейінірек анықталғандай, "Лексусты" тізгіндеген Мұрат Тәнкеев оқиға болған кезде спирттік ішімдікке тойып алған. Марқұмның туыстары мен куәгерлер оны сол жерде жазаламақ болған еді. Алайда, іске полиция араласып, күдіктіні уақытша қамау абақтысына жапты.

Бүгін таңертең осы іске қатысты соңғы сот отырыстарының бірі өтті. Онда жәбірленуші тарап айыпталып отырған кәсіпкердің ұлына барынша қатаң жаза беруді судьядан сұрады. Сондай-ақ, прокурор Тәнкеевті 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Ал, күдіктінің қорғаушылары болса жазаның барынша жеңіл болғандығын қалайды. Олар Мұрат Тәнкеевті жылдамдықты асырмаған деп ақталғанымен, сотқа қатысқан куәгерлер бұл фактіні жоққа шығарды.

Бүгін Астана уақытымен сағат 15:00-де Әл-Фараби аудандық соты Мұрат Тәнкеевке қатысты үкім шығарады деп күтілуде.