Жамбыл облысында 6 жасар сәбиді 11 жерінен пышақтап өлтірген жасөспірімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі. Күдікті қазір қамауда.
Ұсталған азаматтың жасы 17-де, Бурыл ауылының тұрғыны - Д.М.Кавазоглы.
Қанды оқиға 15 ақпан күні орын алған. Көршілерінің кетіп қалғанын білген Д.Кавазоглы ол үйге ұрлыққа түспек болып, ішіне кірген сәтте ойнап жүрген 6 жасар баланы көреді. Сәби де көршісін бірден таныған. Қылмысына куә болмас үшін кішкентай баланы ол пышақтап, бауыздап тастаған.
Мұнан кейін, араға бір күн салып ауыл тұрғындары күдіктінің үйінің алдына жиналып, Кавазоглы отбасының ауылдан көшіп кетуін талап етіпті. Оқиға орнына полицейлермен бірге прокуратура және ҰҚК өкілдері келіп, жиылған жұртты сол күні тарқатты.
Осы баскөтеруден кейін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен Бурыл ауылы әкімдігінде штаб құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге түрік диаспорасының өкілдері, қазақ ақсақалдары кіріп отыр. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл облысының полицейлері хабарлағандай, бұл оқиға тұрмыстық сипатта, яғни, күдікті жәбірленушілердің мүлкін ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткен.