Күні кеше Алматыдағы Универсиада нысандарының құрылысымен танысқан Мемлекет басшысы іс-шара соңындағы жиында тіл мәселесіне ерекше тоқталып өткен болатын. Елбасы орыс тілінде өтінім бергендерге қазақша жауап беретін қызметкерлер жұмыстан қуылу керек деген ойын білдірді.
Президенттің бұл сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатқанда, ҚР Ішкі істер министрлігінің Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасы өз атауын қазақшадан дереу орысшаға алмастырды. Ведомство өкілдерінің бұл қадамы Елбасының кешегі сөзімен қаншалықты байланысты екені белгісіз.
Айта кетейік, бүгін Ақорданың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев Н.Назарбаевтың осы айтқанына баланысты түсінік берген болатын.
"Өз сөзінде Президент шенеуніктердің мемлекеттік қызметтерді көрсете отырып, азаматтардың сұраныс жасаған тілін есепке алуы керек екенін нақты айтты. "Тіл туралы" Заңда "Өтiнiштерге берiлетiн жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негiзделген және дәлелдi, мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде болуға, арыз берушiнiң қабылданған шешiмге шағым жасау құқықтарын түсiндiре отырып, оның дәлелiн жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректердi қамтуға тиiс" делінген. Шенеуніктердің заңның бір ғана бөлігін есепке алатын жағдайлары кездеседі. Ел Президенті дәл осындай мемлекеттік қызметкерлерге қарата айтты. Мысал ретінде ол орыс тілінде келіп түсетін өтінішті келтірді, алайда бұл ереже билік өкілдерінің қазақша сөйлейтін азаматтарға жауап бере алмайтын жағдайларына да қатысты. Сондықтан осы тақырыптың айналасындағы алаңдаушылықтың ешқандай негізі жоқ. Мемлекеттік тілдің дамуы - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі және оған қандай да бір шек қою Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы", - деп түсіндірді Дәурен Абаев Ақорданың Facebook желісіндегі парақшасында.