Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Жамбыл облысы Бурыл ауылындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Жағдай тұрақталды. Жергілікті билік өкілдері мен Ассамблея мүшелері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әкімдік пен ішкі істер органдары алдын алу шараларын әлі де жүргізуде. Ауылды Ұлттық гвардия сақшылары күзетіп тұр. Өзге ешқандай күштер тартылған жоқ. Күдікті ұсталған, оны қамауға алу мәселесі бүгін шешіледі. Барлығы бақылауда, ауылда ешқандай режим орнатылған жоқ" деді ІІМ басшысы.
Қасымовтың айтуынша, алдағы 1-2 күнде Ұлттық гвардияның күшейтілген режимін алып тастау көзделіп отыр.
"Қылмыс тұрмыстық сипатта. Күдікті мұны мойындап отыр. Менің ойымша, тергеу жұмыстары қиындық туғызбайды және біз барлық сараптаманы өткізіп болған соң істі тезірек сотқа өткіземіз" деп атап өтті Ішкі істер министрі.
Ол сондай-ақ, аталған жайтта ешқандай ұлттық сипаттың жоқтығын атап өтті.
Естеріңізге салайық, 15 ақпан күні Жамбыл облысы Бурыл ауылының 1998 жылғы тұрғыны Д.Кавазоглы көршісінің үйіне ұрлыққа түсіп, кездейсоқ куәгер атанған 6 жасар сәбиді 11 жерінен пышақтап өлтірген болатын. Мұна кейін жүзден астам ауыл тұрғыны жиналып, қылмыскердің отбасын ауылдан көшіруді талап етіп, нарзылық шеруін өткізді.
Мұнан кейін өңірдегі түрік диаспорасының өкілдері жиналып, қазалы үйден кешірім сұрап келген. Олар аталған қылмысты айыптап, Кавазоглы отбасының тұрып жатқан үйін марқұмның ата-анасына беруді шешті. Сондай-ақ, қайтыс болған сәбиді жерлеу рәсіміне кететін шығындардың барлығын диаспора өкілдері өздері көтермек.