Жамбыл облысы Бурыл ауылында 6 жасар сәбиді айуандықпен өлтірген күдікті Д.Кавазоглыны жергілікті сот қамауға алу туралы санкция шығарды. Бұл жайында KTK телеарнасы хабарлап отыр.
Қазіргі таңда елдімекенді қатаң бақылауға алған Ұлттық гвардия сарбаздары кері қайтуға дайындалып жатыр. Арнайы жасақ өкілдерін ауылда толқулар орын алмас үшін кіргізген болатын.
Естеріңізге салайық, 6 жасар сәбидің өлі денесі өз үйінде 15 ақпан күні табылған болатын. Бұл іске басты күдікті деп танылған көршісі 17 жастағы Д.Кавазоглы оны 11 жерінен пышақтап, бауыздап кеткен. Қаскөй көршілерінің үйден кеткенін біліп, ұрлыққа түспек болған көрінеді. Алайда, үйде жалғыз қалған кенже баланы көрген сәтте ол куә болмасын деген оймен өлтіріп тастаған.
Осы жайттан кейін ауылдың жүзден астам тұрғыны жиналып, Кавазоглы отбасын көшіріп жібермек болған еді. Мұнан кейін облыс басшылары мен ішкі істер органдарының өкілдері, прокурорлар, ҰҚК қызметкерлері және ҚХА өкілдері жағдайды бейбіт шешу оқиға орнына келген. Өңірдегі түрік диаспорасының жетекшілері марқұмның отбасына көңіл айтып, жерлеу рәсіміне кететін шығындардың барлығын өз мойындарына алды. Сондай-ақ, олар Кавазоглы отбасын өзге елдімекенге көшіріп жіберіп, олардың тұрып келген үйін қазалы отбасыға берді.
Полицейлердің айтуынша, күдікті қазіргі таңда өз кінәсін толық мойнына алған. Тергеу амалдары аяқталған соң іс кешіктірілмей сотқа жолданады.
ФОТО: Азаттық