19.02.2016, 07:45

Шымкентте кәріз құбырынан табылған шарананың анасы іздестіріліп жатыр

Осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде құдықтан табылған шарана жайында бейнеролик кеңінен тараған болатын. Онда құбыр тазалайтын жұмысшының әлі толық жетілмеген сәбидің мәйітін кәріз құбырынан алып шыққанын анық көруге болады. Бейнематериалды тексерген полицейлер оқиғаның Шымкент қаласында орын алғанын анықтап отыр.

Шұғыл іздеу шараларын жүргізген Қаратау аудандық ІІБ-нің мамандары оқиғаның Шымкенттегі "Нұрсат" шағынауданында 17 ақпан күні орын алғанын анықтады. Шарананы кәріз құбырын тазалап жүрген жұмысшылардың бірі кездейсоқ тауып алған. Оның жанындағы серігі болған жайтты бейнекамераға түсіріп, кейін олар баланы сол маңға көміп кетіпті.

Іске полиция араласқаннан кейін нәрестенің мәйіті сот-медициналық сараптауға жіберілді. Қазіргі таңда бұл жайтқа байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 119 бабымен іс қозғалып, сәбиді тастаған анасы іздестіріліп жатыр.