23.02.2016, 18:39

ОҚО-да жоғалып кеткен 6 жасар бала табылды (ВИДЕО)

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері 20 ақпан күні із-түссіз жоғалып кеткен 6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті тапты деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, оқиға Ордабасы ауданындағы Амангелді ауылында орын алған болатын. Мектептен шығып үйіне қайтпақ болған 1-ші сынып оқушысын жасы егде тартқан әйелдің алып кеткенін куәгерлер хабарлады. Күдікті мен баланы Амангелдіден аудан орталығы Темірланға дейін апарып тастаған такси жүргізушісінің суреттеуінен кейін тәртіп сақшылары әйелдің фотороботын жасап, ол бойынша іздеу шаралары жүргізілген. Араға 4 күн салып полицейлер бала мен оны ертіп кеткен күдікті әйелді Арыс қаласынан тауып отыр.

Ұсталған азаматтың фотороботта бейнеленген әйел екеніне күмән жоқ дейді сақшылар. Ол 1956 жылы туған Арыс қаласының тұрғыны. Әзірге күдіктінің баланы не үшін алып кеткендігі айтылмай отыр. Полицейлер «адам ұрлығы» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, мәселенің мән-жайын анықтауға кірісіп кеткен.

Айта кету керек, бұған дейін осынау іске қатысы бар деген күдікпен екінші әйелге де іздеу салынған болатын. 1965 жылы туған Сәндікүл Сәндібектен жоғалған баланың туыстары күдіктенген. Алайда, аталған азамат полицияға өзі келіп, аталған қылмысқа еш қатысы жоқ екенін айтыпты. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары она да тергеп жатыр.