Жантүршігерлік оқиға 26 ақпан күні Ордабасы ауданында орын алған болатын. «Volkswagen Passat» көлігін тізгіндеген жергілікті тұрғын жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, велосипедте отырған 1,5 жасар сәбиді қағып кеткен. Ауыр соққы салдарынан бүлдіршіннің бір аяғы жұлынып түскен еді.
Оқиға жәбірленуші тұратын үйдің алдында орын алған. Баланың әкесі сол замат сәбиді ауруханаға өзі алып барыпты. Дәрігерлер ауыр халде түскен науқасқа қолдарынан келгенше көмек көрсеткенімен, оның аяғын аман алып қалу мүмкін болған жоқ. Қазір сәби жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Ал, оқиғаға кінәлі 1977 жылғы жергілікті тұрғын көліктің тізгініне мас күйінде отырғаны белгілі болды. Ол апат болған сәтте көлігінен шығып, жәбірленген баланың анасын балағаттай жөнелген. Тіпті жағадан алып, күш көрсетпек болыпты.
Оқиға орнына жеткен Ордабасы аудандық ІІБ өкілдері күдіктіні қамауға алып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 2-тармағы бойынша іс қозғады.