$ 444.22  476.38  4.82

Семейде таратылған тегін нанды кедейлер емес ашкөздер алып кетті

«Добрый хлеб» акциясын ұйымдастырған азаматтар өздері таратқан тегін нанды Семейдің жағдайы төмен тұрғындары емес, кәдімгі ашкөздер таласа алып кеткендігін айтып отыр. Қос-қос сөмкеге нан толтырған олар ұялмастан тегін сүт пен жұмыртқа да сұраған көрінеді. Бұл жайында Informburo порталы жазды.

Аталған акцияның басты мақсаты дағдарыс уақытында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға материалдық көмек көрсету болатын. Алайда, шара басталмай жатып аяқталып қалды. Өйткені, қала тұрғындары акцияның кедейлерге арналғандығынан бейхабар болса керек, тегін нанды көтере алғандарынша алып кетіп жатты.

«Дүкен сатушылары нанды кедейлер емес жағдайы жақсы азаматтардың алып кеткендігін айтты. Тіпті, кейбірі тегін сүт пен жұмыртқа беруін де талап етіпті. Ал, такси жүргізушілері күніге кешке келіп "тегін нан таусылып қалмады ма?" дегенді әдетке айналдырды. Өкінішке қарай, мұқтаж жандар бұл акциядан тыс қалды» дейді шараны ұйымдастырған Жасұлан Құрманғалиев.

Айта кетейік, аталған акция бір апта бойы жалғасты. Оған қаржылай қолдауды қаланың қалталы тұрғындарымен бірге қарапайым азаматтары да көрсеткен. Алайда, тегін нанды кедейлер емес ашкөздер алып кетіп жатқандықтан акция тоқтатылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары