Жабайы табиғатта өте сирек кездесетін қар барысы (ірбіс) тұқымы құрып бара жатқан жыртқыш аңдардың бірі. Жабайы табиғатта ол негізінен Қазақстан мен Орталық Азияның таулы аймақтарында ғана кездеседі. Еліміздегі қар барысының саны бейресми деректер бойынша 200-ге де жетпейді екен. Ал, соңғы 8 жылда Алматы зообағы дәл осындай 6 жыртқышты өлтіріп алған.
Алматыдағы хайуанаттар бағында бұған дейін болған ірбістердің із-түссіз жоғалып кеткендігі туралы ақпарат осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде тараған еді. Интернет қолданушылары аңдардың сатылып кетуі мүмкін деген пікірлерін де айтқан болатын. Алайда, зообақ өкілдері бұл пікірді теріске шығарды. Zakon.kz порталына сұхбат берген мекеме директорының орынбасары Ағыбай Әжібаевтың айтуынша, қар барыстары кеселдің салдарынан өліп қалған.
- Олар ешқайда жоғалған жоқ, ешкімге сатылған да жоқ. Барлығы аурудың салдарынан түрлі уақыттарда өліп қалды, - дейді Алматы зообағы директорының орынбасары.
Оның айтуынша, осы күнге дейін орталыққа 6 ірбіс Жапония, Польша, Франция және Қырғызстаннан сыйға тартылған. Мәселен Жапониядан келген Майя есімді барыс 2009 жылы өкпе қабынуынан, Польшадан әкелінген Артос 2008 жылы өзге аурудан мертіккен.
- Франциядан әкелінген Арилан есімді ұрғашы барыс 2013 жылы өлді. Біздің зообақта үш жыл өмір сүрді. Тұқымын көбейту үшін қолдан келгенін жасап көрдік, бірақ нәтижесіз. Ал, 2012 жылы Қырғызстаннан Лидер мен Пират есімді еркек барыстар әкелінді. 2014 жылы екекуі де мертікті: бірі қарашада екіншісі шілдеде, - дейді А.Әжібай.
Зообақта сондай-ақ, Снежанна есімді ұрғашы ірбістің болғаны да белгілі. Алайда, ол да ұзақ өмір сүрмеген. Жергілікті мамандардың айтуынша, жыртқыштардың бұлайша қырылып қалуына өмір сүру ортасы кесірін тигізген екен.
- Қар барыстарын ұстауға арналған орын сәтсіз таңдалған. Біріншіден, бұл жер өзенге жақын, яғни үнемі дымқыл болып тұрады. Екіншіден, ағаштардың көптігінен үнемі көлеңке, күн түспейді. Оның үстіне, жыртқыштар жатқан қоршауды күнделікті залалсыздандырып отыру мүмкін емес, - деп атап өтті мекеме директорының орынбасары.
Ағыбай Әжібаев барыстарға қолайсыз жағдайды мекеменің бұрынғы басшылары жасады дегенді айтып отыр. Хайуанаттар бағының басшылық құрамы 2010 жылы ауысқан. Ал, ірбістерге арналған қоршаулар оған дейін салынды дейді ол.
Осылайша, айналдырған 8 жылдың ішінде Алматы зообағының мамандары 6 бірдей қар барысын өлтіріп алған. Қазір мұнда аталған аңның бірде-бірі жоқ. Басшылары болса биыл жаңа қоршаулар салғаннан кейін ғана тау жыртқышын алдыртамыз деп отыр.