Наурыздың 4-не қараған түні Шымкентте жол-патрульдік полицейін көлік қағып кетіп, тәртіп сақшысы қазір ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға болар кезде полиция қызметкері жол бойында өзге көліктің құжаттарын тексеріп тұрған екен. Жүйіткіп келген «Киа Церато» жүргізушісі оны қағып өтіп, өзі оқиға орнынан ізін суытпақ болған.
Полиция қызметкерінің серігі рация арқылы өзге әріптестеріне хабар беріп, қашып кеткен күдіктіні ізін суытпай 15 минут ішінде ұстады. Ал, жансақтау бөлімінде ауыр халде жатқан 25 жастағы Ғабит Кубеев әлі есін жиған жоқ. ОҚО ІІД басшысы, генерал Асқар Оспанов дәрігерлерімен кездесіп, қоластындағы қызметкерінің жағдайын жіті қадағалауда. Ішкі істер департаменті басшылығының ұйғарымымен жәбірленушіні Үкімет тарапынан марапаттауға ұсыныс жасалатын болады деді А.Оспанов.
Ұсталған азамат Шымкент қаласының 1989 жылғы тұрғыны. Қазіргі таңда күдіктіге ҚР ҚК-нің 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.