$ 443.85  474.3  4.8

ҚР ІІМ атыраулық экс-полицейдің хатына байланысты түсініктеме берді

Кісі өлтірді деп айыпталып жатқан атыраулық экс-полицейдің өз басшылары мен әріптестерін әшкерелеп жазған хатын бұған дейін жариялаған болатынбыз. Онда күдікті Манарбек Өтеуов Атырау қалалық ішкі істер басқармасындағылар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, халықты қанаумен айналысып келеді деп жазған еді. Алайда, ҚР ІІМ бұл жайтқа байланысты түсініктеме беріп, Өтеуовтың жазғаны жала екенін айтып отыр. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

"Істі тергеу барысында Өтеуовке ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. Атап айтқанда, кісі өлтіру, адам ұрлау, ұрлық, тонау, қызметін асыра пайдалану, билік өкіліне қарсы күш қолдану, заңсыз құжат әзірлеу сынды деректер бойынша айыпталып жатыр" делінген ҚР ІІМ таратқан хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, 2015 жылдың 5 тамызында Атырау қалалық ІІБ-нің өзіндік қауіпсіздік бөліміне сол органда жұмыс істейтін Манарбек Өтеуовтің кісі өлтіргендігі туралы арыз келіп түскен. Ол Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимді өлтірді деп айыпталуда. Бұл жайт бойынша қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Өтеуовтің өзі болса уақытша ұстау абақтысында.

"Қылмыстық іс материалдарын тергеу барысында күдікті Өтеуовтің барлық кінәсі дәлелденді. Ол кісі өлтіріп, марқұмның 1,5 миллион теңгеге бағаланған дүние-мүлкін иемденген. Күдікті мен оның әйелі қылмыстық іс материалдарымен танысып, жауапкершіліктің тым ауыр екенін сезінгеннен кейін түрлі органдарға өз басшыларының үстінен шағым түсіре бастады. Тіпті, өзіне қол жұмсамақ болды" дейді министрліктегілер.

Сот-медициналық сараптама Өтеуовтің ақылы дұрыс, сот алдында жауап бере алатынын анықтап берді.

Осыған қарамастан, Атырау облыстық прокуратурасы күдікті Өтеуовтің арызына байланысты қалалық ішкі істер басқармасының лауазымды қызметкерлері: М.Тағаниязов, Н.Қабдешов және Б.Шалтеновты тексеріп жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары