25.03.2016, 04:59

Қазақстандық шекарашылар аса ірі көлемдегі героин контрабандасының жолын кесті (ВИДЕО)

Қазақ-қырғыз шекарасы арқылы аса ірі көлемде есірткі заттарын алып өтпек болған Қырғызстан азаматы қолға түсті деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері.

26 жастағы күдікті Қазақстан территориясы арқылы Ресейге 9 келі героин мен 20 келіге жуық гашиш есірткі затын тасымалдамақ болған. Шекарашылар оны «Айша бибі-авто» бақылау-өткізу бекетінде қолға түсірді.

Есірткі заттарын қырғыз азаматы өзі мінген «Мерседес-Бенц» автокөлігінің жанармай құятын багына жасырып қойған екен. Дегенмен, «Рапискан» деп аталатын заманауи рентген аппараты көлікте героин бар екенін бірден анықтады.

Нақты салмағы 8 килограмм 918 грамм болатын «героин» 20 түйіншекке бөлініп салыныпты, ал 19 килограмм 289 грамм «гашиш» есірткісі өз алдына жеке пакетке оралған. 

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.