Қазақстан дәріханаларында бір жылда ең көп қымбаттағаны – антисептиктер, бағасы 17 пайызға өскен. Сонымен бірге ыстық түсіретін дәрілер бағасы да 8,5 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды qamshy.kz порталы energyprom.kz зерттеу орталығына сілтеме жасап.
Еnergyprom.kz зерттеулеріне қарағанда Қазақстанда фармацевтикалық препараттардың бағасы соңғы бір жыл ішінде орташа есеппен алғанда 7 пайызға қымбаттаған. «Қазақстан дәріханаларында бір жылда ең көп қымбаттағаны – антисептиктер, бағасы 17 пайызға өскен. Сонымен бірге ыстық түсіретін дәрілер 8,5 пайызға қымбаттаған», – деп көрсеткен аталмыш орталық.
2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның фармацевтикалық компаниялары 41,9 млрд теңгенің негізгі фармацевтикалық өнімдерін шығарды. Бұл – бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 33,9 пайызға көп.
«Инфляцияны есепке алғанда шынайы өсім 24,2 пайызға теңескен. Сектордағы өндірістің төрттен үш бөлігі (75,7%) үш аймақта, атап айтқанда, Алматы облысы (11,6 млрд тг, бір жыл ішінде +3,1%), Шымкент қаласы (11,4 млрд тг, бір жыл ішінде +6,5%), Алматы қаласы (8,8 млрд тг, бір жыл ішінде +39,3%) шоғырланған», - делінген зерттеуде.
Бұл өңірлерде «АбдиИбахим ГлобалФарм» ЖШС, «Kelun-KazPharm» ЖШС, «Dolce» ЖШС (Алматы облысы), «Химфарм» (Santo) АҚ, «Зерде-Фито» ЖШС, (Шымкент), «Нобел» Алматы фармацевтикалық фабрикасы, «Аврора» ЖШС, «Cheminnova Alimor Kazpharm» ЖШС, «Rapid-Alimor Pharm Industries» ЖШС, «Dosfarm» ЖШС (Алматы) секілді ірі компаниялар жұмыс істейді. Жалпы дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі 37,9 млрд теңгеге жеткен. Шынайы өсім – өткен жылға қарағанда 50,4% көп. Өндірістің ауқымды бөлігі Шымкент қаласына (11,4 млрд тг) тиесілі.
«2020 жылдың мамырында фармацевтикалық препараттар 6,9 пайызға (өткен жылдың мамырымен салыстырғанда) қымбаттады. Аймақтардың ішінде бағалардың өсуі Павлодар облысында (бір жылда 9,4%), Ақмола облысы (бір жылда 9,3%) мен Шымкент қаласында (бір жылда 9,2%) байқалады. Препараттардың ішінде айтарлықтай баға өсімі антисептиктер (16,9%), ыстық түсіретін дәрілер (8,5%), бүйректі жазуға арналған дәрілер (7,4%) мен антибиотиктер (7,3%) бойынша тіркелді», - деп жазады energyprom.kz.