Белгілі ғалым әрі қоғам белсендісі Мырзантай Жақып еліміздің оңтүстік өңірінде тағы бір облыс құрылуы тиіс деп есептейді. Ғалым өзінің бұл ұсынысын өзінің әлеуметтік желі бетіндегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Мырзантай мырзаның айтуынша, облыс орталығы Түркістанға көшірілген соң 500 мыңдай халық тұратын Мырзашөл өңіріндегі Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының тұрғындары өркениеттен алыс қалған. «Халық жетім баланың күйін кешіп отыр. Түркістан облысының жаңадан бекітілген ресми әкімшілік орталығы – Түркістан қаласынан тым қашықта, өте алыс түкпірде қалып қойып отыр. Барып-келу үшін тұрғындар 1000 шақырымға жуық жол жүруге мәжбүр. Оның өзінде Шымкент және Шардара қалалары арқылы жүреді. Кемінде екі күніміз жолға кетеді», – дейді ол.
Бұл мәселені тез арада реттеу үшін Түркістан облысының аумағын екіге бөліп, Мырзашөл өңірінде жаңада 15-ші жаңа облыс құру қажет. Облыс ортлығы ретінде Асықата кентін таңдауға болады. «Асықата – қазақтың тарихи ата қонысы. Әрі тарихи атау. Ол жерде халық пір тұтқан қасиетті орындардың бірі – Асықата кесенесі болған. 1917 жылға дейін Мырзашөл өңірінде Асықата мешіті де жұмыс істеген. Кесенесі ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Шардара су қоймасы салынған кезде судың астында қалған. Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, Еліміздің халықаралық дәрежедегі мәртебесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас аудандарда үш ауданның – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының болуы еліміз экономикасының өндірістік және бейөндірістік салаларының алға қарай қарыштап дамуына жаңа серпін беріп, соның нәтижесінде Мырзашөл өңірінің халқы арасындағы жұмыссыздық деңгейін анағұрлым төмендетуге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мырзашөл өңіріндегі аймақтарды басқару жүйесінің сапасы артып, тиісінше мемлекеттік бағдарламалар мен Үкіметтен, облыстан келген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау да жақсара түсер еді», – дейді ғалым ағамыз.
1997 жылы Асықата, Жетiсай, Мақтаарал аудандары таратылып, олардың аумағында әкiмшiлiк орталығы Жетiсай қаласында болатын Мақтаарал ауданы құрылғаны белгілі. Алайда экономикалық жағынан қиындықтардың туындауына байланысты 2018 жылы Мақтаарал және Жетісай аудандары қайта ашылады. Бірақ Асықата ауданы сол күйінде құрылмай қалады, тарихи қалпына қайта келтірілмейді. «1997 жылы жабылып қалған Асықата ауданы қайтадан құрылатын болса, Асықата ауданының құрамына 93 мыңнан астам халықты қамтитын 1 кент (аудан орталығы Асықата кенті), 7 ауылдық округ, 83 елді мекен енгізіліп, ал Жетісай ауданының құрамына 103 мыңнан астам халық, 1 қала (қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласы), 6 ауылдық округ, 42 елді мекенді өз алдына бөлек аймақ ретінде басқару жеңілдейтін еді», деп атап өткен ғалым жаңа облыс құру туралы ұсынысын көктен алып отырмағанын айтады.
Айтуынша, осы өңірде облыс құру мәселесі бұрын да қозғалған. Жергілікті басшылар еліміздің сол кездегі президенті Н.Назарбаевқа Мырзашөлде жалпы аумағы 700,007 га болатын облыс құрып, орталығы ретінде Сарыағашты бекітуді ұсынған. Алайда қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеуметтік жағынан Сарыағаш қаласы жаңа облыстың орталығы болу талаптарына сай келмейді деп Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдамаған. Әрі жаңа өңірдің орталығы міндетті түрде Сырдария өзенінің арғы бетінде болуы тиіс және мемлекеттік шекарадан кем дегенде 20 шақырым алыста болуы керек деген шарт қойған. «Бұл ұсыныс аяқсыз қалмауы тиіс», – дейді М.Жақып.