$ 498.34  519.72  4.85

Билікке мал қайғы, халыққа жан қайғы: СҚО ауылдарын су басып жатыр

Қазақстан үкіметі жерлерді жекешелендіріп, смартфон ұстайтын мемқызметкерлермен күресіп үлгере алмай жатқанда Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарын су шайып жатыр. Танымал қоғам белсендісі Сырым Әбдірахмановтың айтуынша, СҚО Тайынша ауданындағы Кемеровка ауылының тұрғындары жан сақтау үшін дүние-мүлкін тастап, елдімекеннен қашып жатқан көрінеді.

"Былтырғы Қарағанды облысындағы табиғат апаты Қазақстан билігіне сабақ болмаса керек. Ақылы медицина, жерлерді жекешелендіру деп бас ауыртып жүргенде ауылдар су астына кетіп жатыр. Мемқызметкерлердің смартфондарымен күрескенше тасқын судан зардап шегіп жатқан адамдарды құтқарыңдар! Біздің мемлекеттің капиталы - шетелге шығарылған оффшордағы 300 млрд доллар немесе Лондондағы зәулім үйлер емес, осы қарапайым тұрғындар" дейді Сырым Әбдірахманов өзінің Фэйсбук парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Тайынша ауданындағы Доброжановка ауылын су шайып кеткен болатын. Құтқарушылар тасқынның салдарымен әлі күресуде. Тұрғындары болса туыстарының үйін жағалап кеткен. Сондай-ақ, аталған ауданға қарасты тағы бірнеше елдімекенді су басу қаупі бар.

Сондай-ақ, қызыл су ақтөбеліктерді де тығырыққа тіреп отыр. Биыл молынан жауған қар тез еріп, қала іргесіндегі елдімекендерді су шайып кетті.

Былтыр үлкен апат болған Қарағанды облысында да жағдай мәз емес. Кеше өңірдегі Нарбақ су қоймасындағы бөгет қысымға шыдамай жарылып кеткен. Әзірге су ауылдарға жетпеген, дегенмен қауіп жоғары деңгейде.

Осы ретте айта кету керек, тасқын су қазақстандықтарды бірінші жыл мазалап отырған жоқ. Дәл осындай қиын жағдай жыл сайын еліміздің бірнеше өңірінде орын алады. Әсіресе, Қарағанды мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе мен Қызылорда облыстарының тұрғындары әр көктем шыққан сайын тасқын сумен күресіп әлек. 

Ал, Сырым Әбдірахманов айтпақшы, үкіметтің одан сабақ алатын түрі жоқ. Халық қыстан қалай аман шығамыз деп сары уайымға салынып жатқанда біздің министрлер кәдімгі қара жердің өзін жекешелендіріп жатыр. Тіпті, күні кеше Шығыс Қазқстан облысының аумағындағы алтын кенішінің ресейлік компанияға сатылып кеткенін де хабарладық. ҚР вице-премьері Дариға Назарбаева болса медициналық қызметтің бәрін ақылы етіп, мектеп оқушыларын жазғы демалыстан қағудың амалдарын қарастыруда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары